Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған «Абай әлемі» концерт-спектакль болды. Көрермендер әр нөмір сайын шабыттана қол соғып, әртістерге ризашылығын білдірді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Абайдың жас, дана және күрескер кезеңдерін еліміздің танымал актерлері Ернат Күншібаев, Болат Әбділманов пен Ерлан Біләл сомдады.
КОНЦЕРТ-СПЕКТАКЛЬДЕ STEPPESONS АҚЫННЫҢ ӘНДЕРІН АЙТТЫ
Спектакльде Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының хоры мен SteppeSons аспаптық тобы Абайдың әндерін орындап, қойылым мазмұнын терең ашты.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары ақынның төрт мезгіл туралы өлеңдерін оқып, халық ықыласына бөленді. Сахнаны кітап бетіне ұқсас экран толықтырды. Онда көрермендерге Абайдың қара сөздері көрсетілді.
Бағдарламаның музыкалық бөлігінде «МузАРТ» тобы мен Ерден Жақсыбек әдемі әуенге толы әндер орындады. Спектакль-концерт «IL CANTO» вокалдық квартетінің орындауындағы Абай әндерінен құралған попурримен аяқталды.
Ұлттық статистика бюросы хәкім Абайдың құрметіне қойылған есімдер туралы қызықты мәлімет берді. Қазір елімізде Абай есімді 18 586 адам тұрады екен.