Астанада жетім балалар тұрғын үйдің кезегіне әдейі қойылмаған

Қалижан Бектемір

Астана қаласының Прокуратурасы 200 жетім баланың тұрғын үй құқықтарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлады Ulysmedia.kzБас прокуратураға сілтеме жасап.

stan.kz

Осыған байланысты құзырлы орган 200 баланы тұрғын үйге кезекке қою үшін құқығын қорғап шықты.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ

Уәкілетті орган «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабын бұза отырып, он төрт жасқа толмаған балаларды тұрғын үй кезегіне қоймай, оның үстіне балалардың қамқоршыларына тіркелген мүлікті сылтауратып,  жетім балаларды кезекке қоюдан негізсіз бас тартқан.
Прокурорлық қадағалау шараларымен 200-ден астам жетім бала тұрғын үй алуға кезекке қойылды, - делінген хабарламада.

ЕЛІМІЗДЕ 21 387 БАЛАНЫҢ АТА-АНАСЫ БОЛМАЙ ТҰР

Биыл Үкімет елдегі балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту бағытында есеп бергенде елімізде 21 387 ата-анасы жоқ баланың 17 660-ы отбасыларда тәрбиеленіп жатқанын хабарлады.

Жыл сайын Қазақстан азаматтары өз отбасыларына 1 мыңнан астам жетім баланы қабылдайды екен.

Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде елімізде 6,8 млн бала тұрады. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Еліміздің 20 облысында балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер тағайындалған.