Ақын, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақфильмнің жағдайы мен әскердегі былыққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗАҚФИЛЬМДІ ҚҰРТПАҚШЫ
Депутаттың сөзінше, қазір мақсатты түрде Қазақфильмді құрту операциясы жүргізіліп жатыр.
Шәкен Кенжетайұлы Айманов атындағы қара шаңырақ Қазақфильмді құрту процесі саналы түрде, әдейі жүріп жатыр. Бұл, қателеспесем, Ахметжан Есімовтің бе, Бауыржан Байбектің бе кезінде басталды. Қазақфильмнің тұрған жерін білесіз, қаланың қақ ортасы. Бұлар сол жерді алғысы келіп отыр. Сауда үйін бе, бірдеңе салғысы келген сасық армандары бар. Бес гектарын алып алды. Енді қалғанын құртқалы отыр. Әйтпесе Қазақфильм дегеніңіз кезінде 2000-ға жуық штаты бар, қаншама материалдық базасы бар, бәленбай павильоны жұмыс істеп тұрған үлкен ұжым еді. Қазір 150-дей адам штатта қалды. Сегіз павильонның біреуі ғана істеп тұр ғой деймін. Сегізі істейтін болса, Қазақфильм өз күнін өзі көре алатын жер еді – дейді депутат.
Қазақфильм мемлекеттен қаржыланбайды.
Бұл Арыстанбек Мұхамедиұлы деген мырзаның жасап кеткен қастығы. Ол «Кино қоры» дегенді құрды да, бүкіл мемлекеттің ақшасын сонда аударады, Қазақфильмге жылына екі-ақ фильмге рұқсат етіледі. Ал анимациялық мультфильм түсіруге мүлдем рұқсат етілмейді. Сондай қаулы шығарып тастаған. Өткендегі аниматорлардың зар жылап жүргені – сол – дейді Ринат Зайытов.
АЗАМАТ АБЫРОЙСЫЗДЫҚТАН ҚАШТЫ
Ол Азамат Сатыбалдының жұмыстан кетуіне болжам жасады.
Азамат мырзаның жұмыстан кетуі, менің түсінгенім, ол бұл жұмыстың нәтижесіз болатынын түсінді де, «Қазақфильм менің тұсымда құрыды деген сөзге қалғым келмейді» деп шарасыздықтан кеткен сияқты. Бәлкім, қателесуім мүмкін. Тек өзімнің болжамым. ...Ұрпақтың алдында ұятты болмау үшін, аруақтың алдында кінәлі болмау үшін Қазақфильмді сақтап, бір арқасынан қағып жіберсек, ары кетсе үш жылда табыс табатын деңгейге жете алады, - деді депутат ютуб арналарының біріне берген сұхбатында.
ӘКІМНІҢ БАЛАСЫ ДА ӘСКЕРГЕ БАРСЫН
Ринат Зайытов кейінгі кезде әскерде болып жатқан былықтарға қатысты да пікір білдірді. Оның сөзінше, мәселені шешудің бір жолы – шенеуніктің баласын әскерге жіберу.
Мемлекетке ең бірінші шекараны, іргені бүтіндеу керек. Оны қорғайтын – әскери адамдар. ...Бізге әскер керек. Қажет болатын болса, баяғы сияқты екі жыл қылсын. Әскерді түзеу үшін не істеу керек деген сұраққа бір-ақ жауап беретін едім. Әкімдер, депутаттар, министрлердің балаларына әскерге баруды міндеттеу керек. Бір облыс әкімінің баласы бір әскери бөлімде жүрсе, ол бөлімде «бардак» болмайды... Әскерге барып жатқан – ашынған дауысы естілмейтін ауылдың балалары. Жаңағылардың балалары барса, мынадай болмайтын еді, - дейді депутат.