«Халықтың нағыз өкілі»: Мұхамеджан Тазабек атышулы Мұрат Әбділданы көпке үлгі етті

Қалижан Бектемір

Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек ұлтаралық алауыздық тудырды деп айыпталып, түрмеден шыққан атышулы Мұрат Әбділдаға қолдау білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж

«ХАЛҚЫМЫЗ ӨТІРІКТЕН, ЖАЛҒАН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАН ШАРШАДЫ»

Оның сөзіне қарағанда, Әбділда көптің шынайылыққа деген сұранысына жауап берген. 

Мұрат Әбділда – қарапайым халықтың нағыз өкілі. Әйтпесе, елден ерекше, жұрттан артық ештеңе істеген жоқ. Бірақ көптің шынайылыққа деген сұранысына жауап берді. Жалпы халқымыз өтіріктен, жалған қарым-қатынастан шаршады. Кім не айтса да “алдамаса екен, шынайы болсақ екен” деген аңсау әркімнің жүрегінде тұр. Мұрат сияқты қапастан шықса да, қанаты сынбаған, мінезі мұқалмаған, қарапайым халықтың қамын ойлап, көкейіндегісін дәл айтатын бауырларымыз аман болсын!, – деді Мұхамеджан Тазабек. 

Еске салсақ, Мұрат Әбділда TikTok-та рекорд орнатып, 30 минутта 15 миллион теңге табыс тапқан болатын.

МҰРАТ ӘБДІЛДА

Мұрат Әбділда инстаграмм желісіндегі тікелей эфир арқылы көпшілікке танылған блогер. 

Еске салсақ, ол 2022 жылы ҚР ҚК 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталып, жуырда шартты жазамен босап шыққан.