Асхат Аймағамбетов Байбектің орнына келуі мүмкін

Ulysmedia

Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биліктегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы сенбі күні Ербол Еділов дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: primeminister.kz

«Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, егер Бауыржан Байбек басқа қызметке кетсе, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына үміткерлердің бірі - қазіргі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов», - деп жазды Еділов өзінің телеграм-арнасында.

Айта кетейік, партия төрағасының өкілеттігі Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысқаннан кейін осындай жағдай болуы мүмкін. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұдан бұрын журналистерге берген сұхбатында төрағаның функцияларын ауыстыру туралы саяси шешім қабылданғанын, бірақ ресми түрде оны партияның кезектен тыс съезінде бекіту керектігін айтқан болатын. Дегенмен шара жыл соңына дейін өткізілуі екіталай. Тиісінше, мұндай тағайындау жаңа 2022 жылы орын алуы мүмкін.

Ал, Ulysmedia дереккөзінің хабарлауынша, партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымына үміткерлер тізімінде Аймағамбетовтен басқа да үміткерлер бар. Бұл қызметке Президенттің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин де қарастырылып жатыр.