«Имамдар қайыршы кебін киіп жүр»: журналист ҚМДБ молдаларды баспасөзге күштеп жаздырып жатқанын айтты

Қалижан Бектемір

Үнемі ҚМДБ мен оның төрағасы һәм бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын сын садағына алып жүретін журналист Ораз Әлімбеков кезекті рет қарапайым имамдар өзіне хат жазып, жанайқайын жеткізгендерін айтты. Оның жазуынша, «мешіт сөрелерінде шаң басып жататын» газет-журналға мешіт қызметкерлерін қинап жаздырту науқаны басталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

«ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ЖАМАҒАТ АРАСЫНДА ОҚЫЛМАЙДЫ»

Маған қарапайым имамдар хат жазып, жанайқайын мүфтиятқа жеткізуді өтінді. Мынау жыламсырап жазылған хаттың үзіндісі:
«Бас мүфтидің тапсырмасына орай муфтияттың 2025 жылға газет-жұрналдарға қинап жазылу науқаны басталды. Имамдар мешіт жамағатына газет-жұрналға жазылыңыздар деп жалынып, тиын-тебен жинауға шығып, қайыршы кебінін киіп жүр. Ең қызығы сол газет-жұрнал жамағат арасында оқылмайды. Мешіт сөрелеріне щаң басып жатады. Алғашқы бетте тек бас мүфти Наурызбай Утпиновтің ел ішінде қыдырып жүрген суреттері, көзбояушылық іс шаралары және өзі жаза алмайтын мақалалары жарық көреді. Бірақ сол газет-жұрналдан түскен қаражаты қайда жұмсалғаны туралы ешқандай есеп берілмейді. Түркия Республикасының байбақуат меценаты Осман Нури Топпаш біраз жылдар "Иман" журналына демеушілік қаражат бөліп отырды, бірақ жұрналды тегін таратудың орнына имамдар тарапынан қаражат жинау тоқтамады...» депті арызында қарапайым имамдар, – деп жазды журналист өзінің facebook парақшасында.

«ОБЛЫСТЫҚ БАС МЕШІТТЕ ТАУ БОЛЫП ҮЙІЛІП ЖАТЫР»

ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бас мүфтидің жүріп-тұрғанына имамдар ақша жинайтын болған ба?

Әлімбектің әңгімесінен ұққанымыз, мешіт жамағатының төл басылымдары саналатын «Иман» журналы мен «Мұнара» газеті 23 мың отбасының бюджетіне ауыртпалық салып отыр.


Бұл жерде «Айтса, айтқанның ауызы жаман, жылағанның көзі жаман» дей алмаймыз. Мен бір ай бұрын Қарағандыға барып келдім. Орталықтан алыс аудандардың тұрғындарының мешіт арқылы жазылған «Иман» журналы мен «Мұнара» газеті облыстық бас мешітте тау болып үйіліп жатыр. Аудан имамдары үш-төрт айда Қарағандыға барып, газет-журналды қапшықтап алып қайтады екен. Ауданнан ауыл имамдары алып кетеді. Сонда бұл газет-журналдың ақпараттық мәні қалмайды ғой: жарты жыл бұрын шыққан ақпаратты оқып отыру кімге болса да қызық емес. «Осы газет пен журнал бізге де керек емес...» деді ауыл имамдары.

Мұнда халықтың арқасына аяздай батып тұрған тағы бір мәселе бар. «Иман» журналы айына 1 рет шығады, бағасы 5 мың теңге. «Мұнара» айына 2 рет шығатын газет, бағасы – 2200 теңге. ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, «Мұнараның» тиражы 30 мың екен. Ал еліміздегі имамдардың саны 7 мыңнан аспайды. Сонда бір ғана «Мұнара» газеті 23 мың отбасының бюджетіне ауыртпалық салып отыр. «Кедейдің бір байығаны – тойғаны» деп еді ғой атам қазақ, «Иман» мен «Мұнараға» жазылғанша 15-25 дана бөлкенан сатып алып жемей ме... Қысқартып айтсақ, «Иман» мен «Мұнара» қарапайым молдалар мен «Құдайға қараған» жамағатқа жексұрын болып отыр. Осыны мүфтияттағылар біле ме екен?! – дейді Ораз Әлімбек.

P.S. Осы орайда Ұлыс тілшісі ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлына хабарласып, мән-жайды сұрап көрген. Ол «басшылықпен ақылдасып жатырмыз» деп жауап берді.