«Баспана сатып алдым»: атыраулық әже TikTok арқылы 10 млн теңге табыс тапқан

Қалижан Бектемір

TikTok желісінде «Батыстың әжесі» лақап атымен белгілі 70 жастағы атыраулық Хадиша Аймұхамбетова TikTok-та бір жылда 10 миллион теңге тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы “Ақ Жайық” басылымы жазды. 

10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТАБЫС ТАПҚАН

Хадиша апай үйде үш немересін бағып отыр. Оған қоса, ол TikTok желісінде күнделікті 4-5 сағатын өткізеді, қазір әлеуметтік желінің жұлдызы.

TikTok-та «Батыстың әжесіне» 90 мыңнан астам адам жазылған. Хадиша апайдың бұл әлеуметтік желіге тіркелгеніне осы күзде бір жыл болған. Осы уақыт ішінде ол 10 миллион теңге табыс тапқанын айтады.

– Бастапқыда таңнан кешке дейін TikTok-та отыратын болдым. Қазір күніне 2-4 сағатымды арнаймын. Таңертең ертемен кіріп, шаруаларыма шығып келемін. Кешке тағы 1-2 сағатымды арнаймын. Бір күні жақсы табыс әкелсе, кей күндері табыс таппайтын кездер болады. Дегенмен айлық орташа табысым жаман емес. Сол ақшаға немерелерімді түрлі үйірмелерге беріп отырмын, демалыс сайын қалаған ойын алаңдарына апарып қыдыртамын. Бір зейнетақыға қарап отырған жоқпын, – дейді әже.

«АУРУ-СЫРҚАУЫМДЫ ҰМЫТЫП КЕТТІМ»

Хадиша апай жақында жаңа үй алған. Ол өзінің құрбыларын да осы әлеуметтік желіге тартқан. Бірақ қатарластары эфирге шығуға ұялатынын айтады.

– Үйде бос отырғанша ермек болсын деп, бір жағынан ақша тапсын деген оймен құрбыларыма да TikTok-тың қыр-сырын, мүмкіндіктерін айттым. Кейбіреуі бастап, жарты жолдан тастап кетті, басқаларының «Жұрттан ұят» деп балалары рұқсат бермейтін көрінеді. Мен, керісінше, рахатын көріп отырмын. Осы TikTok-қа шыққалы тіпті ауру-сырқауымды да ұмытып кеттім, – дейді әжей.

40 ЖЫЛ БОЙЫ ЕДЕН ЖУЫП, КӨШЕ ТАЗАЛАҒАН

Хадиша әже қаладан шалғай ауылда 40 жыл бойы еден жуып, көше тазалағанын айтады. Қазіргі жұмысы өзіне ұнайды. 

Айтпақшы, әже тікелей эфирде стримге шығып, шетелдік желі қолданушыларымен батл ойнау арқылы табыс табады. Айтуынша, оқырмандарының дені – шетелдіктер. 

– Шетелден көп дос таптым. Тәжікстан, Армения, Украинадан. Көптеген оқырмандарым шет елдерден. Қазақстандықтар да жақсы қолдайды. TikTok-та жастар үлкен кісі деп сыйлап, жақсы тілектерін арнап жатады. Соның өзіне бір марқайып қаламын, – дейді «Батыстың әжесі».

Еске салсақ, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда TikTok-ты бұғаттауды ұсынған сенатор Геннадий Шиповскихтің сауалына жауап берген болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Спорт министрі TikTok-та өзін кімдер мадақтап жүргенін білмейді