Қарағанды қаласын құрайтын екі үлкен ауданның бірі Майқұдық енді Октябрь емес, Әлихан Бөкейхан деп аталатын болды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында тек қарағандылықтар үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін айтулы оқиға, тарихи сәтті өткердік. Қарағанды қаласының Октябрь ауданына алты Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Бұл ең алдымен, еңселі елдігіміз бен берекелі бірлігіміздің көрінісі. Бұл - Тәуелсіздік жолындағы күрескерлер рухына тағзым, Алаш арыстарының аманатына деген адалдықтың бейнесі деп білемін. Сондықтан да баршаңызды осынау қуанышпен шын жүректен құттықтаймын», – деп бөлісті ол парақшасында.
«Майқұдықтың ішіндегі күре жол күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы түрде атқарыла беретін болады. Орайы келгенде жыл басында аудан атауын өзгерту бойынша өткен көпшілік тыңдауға белсене қатысып, үлкен қолдау көрсеткен барша азаматтарға зор алғысымды білдіргім келеді», – деді облыс басшысы.