Үздік мұғалім автокөлікке ие болды

Ulysmedia

Шымкенттік мұғалім Қазақстан бойынша үздік деп танылды. «Көшбасшы педагог – 2021» байқауына қатысқан ұстаз жеңіл автокөлікке ие болды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: otyrar.kz

otyrar.kz-ның мәліметінше, кілтін салтанатты жиында қала әкімінің бірінші орынбасары табыстады. Әрі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мегаполистің өзге де мұғалімдерін марапаттады.

Шымкент тұрғыны Шарипа Үменова «Көшбасшы педагог – 2021» байқауының жеңімпазы атанды. 36 жылдық тәжірибесі бар ұстаз талмай еткен еңбегінің арқасында автокөлікке ие болды. Айтуынша, Қазақстан бойынша 210-нан аса мұғалімнің қатысуымен өткен дода тартысты болған.

«Осындай Қазақстанның бүкіл мұғалімдерінің ішінде көлікке ие болдым. Солардың ішінен іріктеліп 10 дық болды, одан кейін төрттік болды. Міне бұл қуанышты сәттер. Мен олай деп ойлаған жоқ едім. Міне бұл еңбектің арқасында деп ойлаймын. Тәуелсіздік мерекеміз құтты болсын. Барлық ұстаздарға, халқымызға мереке құтты болсны деп айтқым келеді», - дейді №106 мектебінің тарих пәні мұғалімі Шарипа Үменова.

Тарих пәнінің мұғалімі сайыста ғылыми жоба дайындап, үздік деп танылған. Ол Еуропада өткен жарыстарға шәкірттерін қатыстырған. Қашанда оқушыларының жетістігімен мақтанатын педагог тәуелсіздік қарсаңында еңбегінің еленгеніне қуанышты.

Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан үшінші мегаполистің үздік мұғалімдерін марапаттады. Болашақ ұрпақ тәрбиелеуде үлес қосқан педагогтарға «Ерен еңбегі үшін» және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» медальін табыстады.

«70 – тің төңірегінде мектеп болатын болса, онда 70 000-ға жуық оқитын еді. Ал қазірде мектептер саны 200 – ден асқан. Онда 250 000 аса оқушы оқиды. Жыл сайын мектеп оқушыларының саны 15-20 мыңға артып отыр. Оның өзі біздің болашағымыз», - дейді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.