Журналист, «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде білім алған Дүйсенәлі Әлімақын бір жыл бойы «Америка архивтерінде сақталған қазаққа қатысты деректер» тақырыбында АҚШ астанасында зерттеу жүргізген. Қызықты деректердің бірін зерттеуші жақында әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол америкалық антрополог Джордж Мердоктың 1934 жылы Ныю-Йорк қаласында жарық көрген «Біздің замандастарымыз» атты кітабында қазақтарға қатысты қызықты мәліметтер келтірілгенін айтады.
Дүйсенәлі Әлімақынның айтуынша, автор жойылып бара жатқан халықтардың қатарына қазақты да қосқан. “Мердок нені меңзеді екен?” деп, кітапты оқып шыққан журналист “Қазақ қалай аман қалды?” деген сұраққа жауап іздейді.
Ulysmedia.kz Дүйсенәлі Әлімақынның зерттеуін сөзбе-сөз ұсынады.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КІТАБЫНА ТЕК ҚАЗАҚТЫ ҚОСҚАН
1934 жылы Ныю-Йорк қаласында жарық көрген «Біздің замандастарымыз» атты кітапты қолыма алғанымда, мен ерекше бір зерттеу еңбегіне тап болғанымды сезіндім. Өйткені, бұл кітапты АҚШ-тың Йелл университетінің антропологі Джордж Мердок жазған. Автор осы кітабында тасмандықтар, Жапонияның солтүстігіндегі айнустар, Мексикадағы ацтектер, Перудегі инкастар, Угандадағы гандалар, Полиярдағы эскимостар сияқты тарих сахнасынан жойылып бара жатқан халықтардың тарихы мен мәдениеті, қоғамдық дәстүрі туралы сөз қозғайды. Ал осылардың қатарына неге екенін қайдам Орталық Азиядан тек қазақты қосады. АҚШ ғалымы бұл зерттеуі арқылы не айтпақ? Нені меңземек деген сансыз ойдың жетегімен оның кітабын оқып шықтым.
Джордж Мердоктің кітабындағы қазақ қызының бейнесі
Кең-байтақ даланы мекендеген түркі халықтарының бірі ретінде қазақтарды айтуға болатынын, әлдебір себептермен олар бұрын «қырғыздар» деп аталғанымен, төл атауы «қазақ» екенін жазған автор сол кездегі ұлтымыздың саны үш миллионнан астам екенін де айтады. «Қара қырғыздарға туыс келетін бұл халық бас пішімі домалақ, ат жақты, кең маңдайлы, қысқа мұрынды, қысыңқы көзді, селдір сақалды келеді. Қазақтардың алыстағыны көру түйсігі өте керемет». Осылай дей келе автор қазақтардың көбінің сауатсыз екенін айта отырып, олардың қандай дінге сенетінін, қандай тілде сөйлейтінін, уақыт өлшемі қалай екенін анық жазады. «Қазақтар жыл санауда сандарды қолданбайды. Мысал ретінде олар «менің жылым жылқы» дей салады».
Осы кітаптағы қазақы сандық
Осыдан кейінгі сөз ұлтымыздың ұшы-қиырсыз ұлан байтағындағы жыртылып-айырылатын аң-құстар мен жануарлар турасында өрбиді. Аңшылық, қансонар, соғым сою сынды дәстүрлері мен тіршілік ұстанымы туралы да арнайы тоқталады. «Қазақ даласында қатты дауылдар, табиғи апаттар көп болады. 1827 жылы бір жүздің 10 мың түйесі, 30 мың сиыры, 20 мың жылқысы, миллионнан астам қойы апатқа ұшырады». Ғалымның бұл дерегі бізге малшылар өмірінің қиындығы мен жапа-машақатын сезіндірмек. Қашаннан бері «малым – жанымның садағасы» деп білген халқымыз үшін кейбір табиғи апаттардың ел байлығын ойсыратып кетуге шақ қалғанын еске салады.
ӨЗ БАЙЛЫҒЫН КӨРСЕТЕ БІЛЕТІН ХАЛЫҚ
Ал ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінде төрт түліктің алатын рөлі жоғары екенін білеміз. Америкалық антрополог өз кезегінде Қамбар ата түлігінің халқымыздың мал шаруашылық өміріндегі маңыздылығына назар аударады. Ол адамнан зият жылқы жануарының естелігіне, шашасына шаң жұқпайтын, жотасына күн қонақтайтын есті айғырлардың үйірін қалай қорғайтынын жазады. Сан ғасырдан бері белдеуінен ат кетпеген қазақ халқының ат үстінде ойланып, ат үстінде қалғыған сырбаз тағдыры туралы да айтады. «Қазақтар әдетте сейіл-серуенге немесе той-томалаққа жүйрік ат мінеді. Ауыздықпен алысқан тұлпарлардың үстінде олар өте сәнді көрінеді. Ал қазақ көші – мерекелік көрініс. Әйелдер барын киіп, мінген аттарына әдемі ер-тұрман салып, алдына отырған балалардың бесігін де өзгеше сәнмен алып жүреді. Анадайдан қарасаң, көштің ұзындығы бірнеше километрге дейін созылып жатады». Шынымен де алыстан қараған адамға көшіп бара жатқан қазақтың керуенінде өзгеше салтанат пен көрініс бар екені сөзсіз. Ал бұны шетелдіктердің сезінуі де тегін емес.
Келесі беттерде автор ұлтымыздың киім-кешек мәдениеті және оның жасалу жолдары туралы қалам тербейді. Қазақтың киім мәдениетіндегі тері, жүн, мақта, матаның рөлі хақында да ой қозғайды. Сонымен бірге қаншама далалық халық болса да, қазақтардың сыртқы келбетке, киіну мәдениетіне көңіл бөлгенін жасырмайды. «Олар өз байлығын көрсете білетін халық. Байлар алтын-күміспен күптелген, жібек пен барқыттан жасалған қымбат киімдер киіп, ер-тұрманын, тізгін-ноқтасын, белбеуін жылтырақ металдармен әдіптейді. Әйелдер бағалы жүзік, білезік, алқалар тағады. Қазақтар мұндай қымбат бұйымдарды айырбас арқылы алады. Орталық Азияның қақ ортасындағы керуен жолында отырғанымен, бұл халық саудамен айналыспайды». Әрі қарай отбасы дәстүрі, әкенің әулетіндегі орны мен беделі, қазақтың «үлкенді сыйлау, кішіні аялау» дәстүрі сынды құндылықтарға да автор осы кітабынан орын берген.
«Қазақтар атыс қаруы пайда болғанға дейін садақ, жебе, әртүрлі найза, балта, қамшы сияқтыларды қару ретінде пайдаланды. Олар кейде түнгі жорықтарға шығуға шебер болды. Жауын жеңсе, сол жақтан барымта әкелуді де жөн санайды». Шындығында, ұлтымыздың ат үстіндегі өмірі күрестер мен қақтығыстарға толы болғаны рас. Әне, сондай сәттерде келген жаудың бетін қайтару үшін найза мен қылыш, садақ пен жебе елін қорғау үшін аттанған ер азаматтың сенімді қаруы болды. Бұл өз жері мен елін аман алып қалуға ниетті әр азаматтың басында болған іс. Батыс оқығанын ұлтымыздың барымта, құн төлеу, енші бөлу, қонақжайлылық, алыстан келген қонақ пен жолаушының жағдайын жасау сынды өзге халықтарда сирек кездесетін дала дәстүрлері де қатты қызықтырғанын аңдадық. Сонымен бірге автор қазақтың дүние есігін ашқанынан қара жер қойнына енгенге дейінгі өмірінде сәби сүю, үйлену, айттыру, құдалық, қалыңмал беру, бесік құдалық, діни мейрамдар мен жаназалық дәстүрлердің маңызды екенін де атап өтеді. Осының бәрі қара өлең мен ән-күйдің, эпостық дастандардың көмегімен жыр-думанды болатынын да тілге тиек етеді әрі қазаққа арнаған тарауын халқымыздың социалистік дәуірге қадам басқанын, тұрмыс-тіршілігі сол заманға бейімделгенін айтады. Мүмкін АҚШ ғалымы кешегі кеңес өкіметі кезінде қазақ халқы ауыр қысымға ұшырап, саны азаятынын болжаған шығар, кім білсін?! Ал оған алапат аштықты қосыңыз. Автор осы зерттеуін жазған кезде қазақ даласында аштық нәубеті жүріп жатқан еді.
Дүйсенәлі Әлімақын