12 адам өлген Bek air апатына – 2 жыл: тергеу әлі аяқталмады

Алдаберген Кемпірбаев

Алматыдағы Bek air Fokker 100 ұшағының құлағанына биыл 2 жыл болып отыр. Нұр-Сұлтанға бет алған Z92100/BEK2100 нөмірлі ішкі рейс әуе көлігі көтерілмей жатып оң жаққа күрт қисайып, артқы жағы бірнеше рет жерге тиіп, бетон қоршауды бұзған күйі әлі салынып бітпеген екі қабатты үйге соғылды деп еске алады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

Қайғылы жағдайдан 1996 шығарылған ұшақтағы 98 адамның 15-ке жуығы қаза тапты. Ішкі істер министрлігі ажал құшқан 12 адамның тізімін жариялады:

1. Николай Асташов.
2. Рүстем Қайдаров.
3. Бауыржан Қалиев.
4. Базархан Кәрібаева.
5. Марат Мұратбаев.
6. Абай Нұрбеков.
7. Аршат (Арман) Исина.
8. Сәния Аманжол.
9. Дана Круглова.
10. Қайырхан Тұматов.
11. Валерий Ануфриев.
12. Имина Оспанова.

Алматы халықаралық әуе жайы апатқа байланысты ешқандай шектеу енгізбеді, қалған барлық рейс екінші ұшу-қонағы жолағынан орындалды.

Президент шұғыл жиында кінәлілерді жазалауды тапсырып, 2019 жылдың 28 желтоқсаны Жалпыұлттық қаралы күн деп жарияланды. Әуежай жанындағы заңсыз құрылыстарды тексеру керектігі нұсқалды.

Үкімет қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден бөлінетінін, өзге де зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Арнайы құрылған комиссия негізгі нұсқалардың арасында сыртқы әсер мен экипаж қателігін атады. Оның үстіне ұшақ қанаттары мұз қатуға қарсы сұйықтықпен өңделмеген болып шықты.

Bek Air әуе компаниясының қызметі тоқтатылды. Қазақстанның авиация әкімшілігі ауқымды тексерісті қолға алып, май ағып тұрған қозғалтқыштарды, әбден ескірген ұшақ доңғалақтарын, скотч жабыстырылған ұшақ қанаттарын анықтады.

Бүгінде белгілісі, тергеу әлі аяқталмады. Дегенмен құзырлы министрліктер қорытынды кезеңге жақын қалғандарына сендіреді.