×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

«Халық шаршады»: Димаш елдегі жағдайға орай пікір білдірді

04.01.2022, 23:29
Фото: ашық дереккөз

Әнші Димаш Құдайберген елімізде болып жатқан митингілерге қатысты ойын білдіріп, халыққа басу айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Ол Инстаграм парақшасына жырақта іссапарда жүргенін, елдегі болып жатқан жағдайды естіп, көңілі алаңдаулы екенін жазды.

«Туған жерім, елім мен үшін әрқашан қымбат – халқыммен біргемін.  Бәріміз үшін ең бастысы – халықтың бірлігі, амандығы, елдің әр азаматының әлеуметтік жағдайының дұрыстығы. Наразылығын білдіруге келген үлкен де, кіші де отбасының қамы үшін жүр. Бүгінде күнкөріс күн сайын қымбаттап, халыққа оңайға соғып жатқан жоқ.

ХАЛЫҚ ШАРШАДЫ!!! Сол себепті, тұрмыс-тіршілік деңгейін көтеру мақсатында жүйелі әрі нақты шаралар қолданылуы керек», - деп жазды ол Инстаграм парақшасына.

Оның жазуынша, тек бір мәселе: жыртығымызды жамаймыз деп жүріп, бірлігімізге нұқсан келтіріп алмау.

«Жігіттің жақсысы – дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген». Биліктегі құзырлы азаматтар тез арада оңтайлы шешім қабылдап, қордаланған мәселелерді шешсін. Барынша сабырмен, жағдайға байыппен қарап, өзара ортақ шешім қабылдауға ұмтылайық! Билік тарапынан халыққа күш көрсетілмей, халық тарапынан ақылға жеңдіріп, әр қадамды, ертеңгі күнімізді ойлап бір мәмілеге келуге жазғай! Аман бол, елім!», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасын екі есе төмендетуді талап еткен болатын.

Жаңаөзен қаласында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ бағасы 120 теңгеге дейін көтерілді. Қала тұрғындары ең төменгі жалақы мөлшерін ескере отырып, газ бағасын 60 теңгеге дейін төмендетуді сұрады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы мәселе бойынша Жаңаөзендегі наразы топпен кездесті. Ол жиналғандарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жаңаөзен қаласындағы жағдайға қатысты Үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді.

Одан кейін Үкімет газ мәселесі бойынша комиссия құрамын жариялады. Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қарайтын комиссияны коронавирустың таралуына қарсы күреске жетекшілік ететін вице-премьер Ералы Тоғжанов басқаратын болды.

Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» сұйытылған газ бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Өңірде Qazaq Oil және ҚазМұнайГаз ЖМҚС желісінің 19 автогаз құю станциясы бар және ұзақ уақыт бойы Маңғыстау облысында сұйытылған газды ең төмен бағаға сатқанын хабарлады.

Сұйытылған газ бағасын 1 литріне 50 теңгеге дейін төмендету туралы уағдаластыққа қол жеткізілгені жайлы Ақтаудағы ереуілдеушілер мен үкімет басшысының орынбасары, арнайы құрылған мемлекеттік комиссия төрағасы Ералы Тоғжановтың кездесуі барысында белгілі болды.

Енді ертең Тоқаев үкімет мүшелерімен кеңес өткізбек.

Серіктес жаңалықтары