Бүгін Қонаевтың туғанына 110 жыл толды

Ulysmedia

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында өмірге келген деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан халқы үшін көп жақсылық жасады деп бұқараның зор ілтипатына бөленген тұлға 1960-1986 жылдары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. 1986 жылы 16 желтоқсан күні қызметінен алынып, орнына Колбин тағайындалды. Бұған наразы болған қазақ жастары Желтоқсан көтерілісіне шықты.

Қонаев жайлы ел арасында жылы естелік, аңыз кең тараған. Мысалы ол кісінің қарапайымдылығы жұртты еріксіз сүйсіндіреді. Тіпті, КСРО басшысы Брежнев үйін көргенде, «барың осы ма» деп таң қалған.

«Орысты ренжiтсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi — бiзбiз, Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой... Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек», – деген сөзі жиі айтылады.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылдың 22 тамызында, 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.