17 мамырда Алматыда бір топ белсенді қоғамдық талқы өткізді. Олар жер, тіл, сайлаудағы әділетсіздік, «саяси тұтқындар» мәселесін талқылады. Жиналғандар арнайы қарар қабылдап, билікке талаптарын қойды. Қарарды президентке жолдайтындарын айтты.
«САЯСИ ТҰТҚЫНДАР» МЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ
Журналист, Oyan Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева елде Қаңтар оқиғасынан кейін сөз бостандығы мен саяси белсенділерге қысым күшейгенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда 1937 жылғы репрессия тәсілі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жәпішева саяси себеппен қамауда отырған белсенділер туралы жазуға мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына тыйым салынған, ал тәуелсіз БАҚ «өлместің күнін кешіп» отыр деді.
Өкінішке қарай, Совет билігі ыдыраса да сол биліктен қалған менеджерлер жүз жыл өтсе де, билігін сақтау үшін репрессияларын әлі де жалғастырып жатыр. Бұрын Кеңес одағында «халық жауы» деп жалған айып тағылып, адамдар сотсыз тергеліп, атылып немесе айдалған болса, бүгінгі «Жаңа Қазақстанда» журналистер экстремист, қоғамдық тәртіпті бұзушы, жалған ақпарат таратушы деген жалған баптармен айыпталып жатыр. Кезінде саяси лагерьлер болса, қазір түрмелер мен СИЗО-лар белсенділер мен журналистерге толған. Совет одағында үкіметке қарсы сөз айту қылмыс болса, бүгінде әлеуметтік желіге пікір қалдыру немесе бейбіт минингке қатысу қылмыс ретінде қарастырылады. Мемлекеттік БАҚ пен ресми телеарналар бір ғана шындықты ұсынады. Ол – биліктің шындығы, – деді ол.
Әсем Жәпішева өз сөзінде халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары «саяси тұтқын» деп таныған қамаудағы Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Тимур Дәнебаев, Данат Намазбаев сынды журналистер мен саяси белсенділерді мысалға келтірді. Ол «бұл тығырықтан шығу үшін Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар бар екенін мойындап, оларға арнайы заңдық статус беріп, оларды босатуы тиіс» деді.
Франция, Германия сияқты дамыған елдерде бұл термин заңмен бекітілген. Бізді де саяси себеппен қудалау термині заң жүзінде мойындалуы тиіс. Тәуелсіз қоғамдық кеңес құрып, саяси істер мен саяси тұтқындардың ісін бақылау қажет. Түрмелерде адам құқықтарының бұзылуына жол берілмеуі тиіс. Цензураны тоқтату үшін келесідей қадамдарды іске асыруымыз керек: біріншіден, барлық мемлекеттік тапсырыс, яғни госзаказ туралы ақпарат ашық әрі қол жетімді болуы керек. Келісімшарттар, тапсырыс берген тақырыптар, орындаушылар және төленген қаржы жария түрде реестрде тұруы қажет. Бұл қоғамға БАҚ-тың қандай тақырып пен мазмұн үшін қаржыландырылатынын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ақпарат министрлігі мен әкімдіктер тарапынан медиаға тікелей немесе жанама қысым көрсетуге тыйым салынуы керек, – деді Әсем Жәпішева.
Қазақстан билігі елде «саяси тұтқын» барын ресми түрде мойындамайды. Бірақ құқық қорғаушылар олардың бар екенін жиы айтады және жыл сайын тізімін де жасайды.
Биыл Қазақстан билігі БАҚ пен интернеттегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа 59,3 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тараған. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс – бұл бюджет есебінен биліктің масс-медиадағы ақпараттық үгіт-насихаты. Бұқаралық ақпарат құралдарына билік өзінің саясатын насихаттау үшін қаржы төлейді. Биыл мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың жартысынан көбі телеарналар мен радиоларға бөлінеді.
ЖЕР МЕН АЭС ДАУЫ
Ғалым Нұртаза Қадырниязов Қазақстанда жер мәселесі өзекті екенін алға тартты. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерлерінің басым көпшілігі әлі күнге дейін алып жер иеленушілердің қолында. Ол АЭС мәселесіне тоқтала келе одан келетін зиян мен шығын туралы айтты.
АЭС салу үшін бір жарым мың гектар жер керек екен. Ол жерді кім береді? АЭС салуға беретін, жерімізді қоқысқа малдыратын жеріміз бар ма? Ондай жеріміз жоқ біздің. Сондықтан бір емес, үш АЭС саламыз деп жатыр. Ондай АЭС-ті салу керек емес Қазақстанға. Алдыңғы қатарлы Германия мемлекетін қазір АЭС-тен бас тартты. Он жеті АЭС-ті жапты. Сонда бір АЭС-ті жабу үшін 1,3 миллиард еуро керек екен. Он сегіз мың тонна қалдық жыққан. Оны залалсыздандыру үшін 134 миллиард еуро керек екен. Ондай ақшаны біз болашақта қайдан табамыз.
Бұдан өзге, Қадырниязов әскери полигон ретінде Ресейге берілген жерлердің экологиялық жағдайы туралы да айтты.
Біз Ресейге 11 миллион 191 мың шаршы жерімізді полигонға беріп отыр екенбіз. Оның пайдасы не? Гептил шашып жатыр, у шашып жатыр біздің жерімізге. Ол жерлер былайша айтқанда, ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалды, – деді ол.
Былтыр қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтіп, ресми дерек бойынша, дауыс берушілердің 71 пайызы бұл идеяны қолдаған. Астана әзірге елде атом электр станциясын кім салатынын нақты айтқан жоқ. Қазір мердігер болуы мүмкін деген компаниялар арасында ресейлік «Росатомнан» бөлек, қытайлық CNNC, оңтүстіккореялық KHNP және франциялық EDF бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс беруге барғанда «АЭС құрылысын халық қолдаса, оны қай ел салады?» деген журналист сұрағына «менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет» деп жауап берген. Референдумнан кейін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бұл консорциумға ең көп дегенде бес ел кіреді деген болжам айтқан.
Қаңтарда Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мердігер маусым айының соңында анықталып қалуы мүмкін деген. Бір аптадан соң үкімет делегациясы құрамында Астанаға келген «Росатом» төрағасы Алексей Лихачев өзі басқаратын корпорация Қазақстанда АЭС салуға дайын екенін айтқан.
САЙЛАУ, СОТ, КОМИССИЯ
Саяси белсенді Санжар Боқаев әділ әрі тәуелсіз сайлау мен сот жүйесі қалыптаспайынша сайлауда жеңіске жету қиын екенін айтты. Оның сөзінше, бірінші кезекте сайлау туралы заң мен орталық сайлау комиссиясының жұмысына реформа жасау керек. Ол Қазақстан толықтай мажоритарлы сайлау жүйесіне ауысуы керек деп есептейді.
Осында біз сайлауға дайын болмадық, біз сайлауға дайын болайық деп айтты. Негізінде соңғы парламенттік сайлауға біз дайын болдық. Тіпті жеңіп те шықтық. Бірақ ең қиыны, біз өзімізің жеңісімізді сотта толықтай қорғай алмадық... Президенттен орталық сайлау комиссиясын құру өкілеттігі алынып тасталуы қажет. Өйткені президент өз адамын тағайындайтын болса орталық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде, ол әрине президенттің айтқанын істеп отырады. Осы сайлау комиссиясының төрағасын біз сайлауымыз қажет деп есептеймін, – деді Санжар Боқаев.
Қаңтар оқиғасынан соң 2023 жылы наурызда өткен мәжіліс сайлауына отыз жыл билікте болған «Нұр Отан» партиясы «Аманат» деген жаңа атпен қатысқан. Мәжілістегі 40 орын «Аманат» партиясының өкілдеріне тиіп, 29 депутат қалған бес партиядан сайланған. Сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттардың да көбі билік партиясының мүшелері болған.
Сол уақытта сарапшылар парламентке өткен партиялардың ешбірін шынайы оппозицияға жатқызбады. Сайлау Назарбаев дәуіріндегідей бұрмалаумен өтті деп сынады. Билік өкілдері «аздаған заң бұзушылықтарды есептемегенде сайлау әділ өтті» деп мәлімдеді. ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылау миссиясы бұл «сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар» деп мәлімдеді.
Автор: Есдәулет Қызырбекұлы