Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр апелляциялық шағым түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫЗМЕТТЕН БОСАТУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ
“Қазақпараттың” мәліметінше Ақтөбе облыстық сотының сот алқасы шешім шығарғаннан кейін Мұгалжар ауданы әкімдігі Қазбек Аққайырды Қандыағаш қаласының әкімі қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
«Сот шешіміне сәйкес біз оны қызметінен босатамыз», – деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов.
ІС МӘНІ ЖӘНЕ ЖАЗА
Биылғы күзде Мұғалжар аудандық соты Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты істі қарады. Жәбірленуші деп танылған әйел Қазыбек Аққайыр кабинетінде соққыға жығып, тұншықтырғанын айтқан. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі «Ұрып-соғу» бабымен жауапкершілікке тартылды. Сот оған 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды, бұл 314 560 теңгені құрады. Үкіммен келіспеген Аққайыр апелляцияға жүгінді. Нәтижесінде айыппұл мөлшері 295 360 теңгеге дейін төмендетілді, бірақ жәбірленушінің өкілінің қызметіне төленетін шығын 300 мың теңгеге дейін артты.
ҚАЗБЕК АҚҚАЙЫРДЫҢ МАНСАП ЖОЛЫ
Қазбек Аққайыр 2024 жылдың жазында Қандыағаш қаласының әкімі болып сайланды. 2018–2022 жылдары Талдысай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. 2022–2023 жылдары Мұғалжар ауданының сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімін басқарды. Кейін Ақтөбе облысы әкімінің аппаратында бас инспектор болып жұмыс істеді.