Ең жасы 11-де: ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар неге жасарып кетті

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Астанада мефедрон және басқа синтетикалық есірткілердің таралуы адам иммун тапшылығы вирусы (ВИЧ) инфекциясының көрсеткіштеріне әсер етті. Бұл туралы қаладағы инфекцияның алдын алу орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЛАДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ СТАТИСТИКА

Орталықтың уақытша директоры Денис Панченконың айтуынша, бүгінде елорда тұрғындарының 0,2 пайызынан аз бөлігі ЖИТС-пен өмір сүріп жатыр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 1 қарашада Астанада 1 622 245 адам тұрған, ал 0,2 пайызы – шамамен 3 244 адам. 

«Он ай ішінде өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 14,4 пайызға төмендеді», – деді Панченко.

Ол мұны халықтың денсаулығына көбірек көңіл бөлуімен және тестілеудің кеңеюімен байланыстырды.

ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАУІП

Сонымен қатар мамандарды алаңдататын фактор – науқастардың құрылымы. Жыл басынан бері тіркелген жаңа жағдайлардың 1,6 пайызы 11–19 жас аралығындағы жасөспірімдерге, ал 23,2 пайызы 20–29 жастағы жастарға тиесілі. Жастар арасында ЖИТС-ке қатысты сақтық деңгейі әлі де төмен, бұл оларды қауіпті топқа айналдырады.

ЖҰҚТЫРУ ЖОЛДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Инфекцияның негізгі таралу жолы – жыныстық қатынас, ол барлық жағдайдың 91 пайызын құрайды. Қан арқылы жұғу 3,2 пайызды, анадан балаға берілу 1,6 пайызды құрайды. Орталықтың түсіндіруінше, анадан балаға жұғу көбіне әйелдердің серіктестері дер кезінде тексерілмегендіктен орын алады.

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІЛЕРДІҢ ӘСЕРІ

Соңғы жылдары жұқтыру жолдарының құрылымы өзгерді. Инъекциялық жолдың үлесі азайып, оның орнына жыныстық жол басты факторға айналды. Бұл адамдардың мінез-құлқының өзгеруімен және инъекциясыз қолданылатын синтетикалық есірткілердің таралуымен байланысты.

АСТАНАДАҒЫ ҚОСЫМША ҚАУІПТЕР

Астана ЖИТС кең таралған аймақтардың қатарына кіреді. Орталық мұны халықтың тығыздығымен, көші-қонның жоғары деңгейімен және көлік қатынасының қолжетімділігімен түсіндіреді. Дегенмен тұрақты мониторинг жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр.