Байбек, «Amanat» және 3,5 миллиард: Перизат Қайраттың артында кім тұр

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

3,5 миллиард теңге жымқырды деп айыпталған аты шулы «Biz Birgemiz Qazaqstan – 2030» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның сотында үкім оқылды. Сот Перизат Қайратты 10 жылға, Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі. Бірақ бас-аяғы 11 күнге созылған сот процесі мен қолды болған қыруар қаржыға қатысты қоғамда жауапсыз сұрақтар сол күйі ашық күйінде қалды. Перизат Қайраттың артында кім тұр? Сот процесі неге жартылай жабық өтті? Оның қандай саяси астары бар? Ulysmedia.kz  осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«АМАНАТТЫҢ» БЕДЕЛІН ТҮСІРГІСІ КЕЛМЕДІ»

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Перизат Қайраттың бір өзі 3,5 миллиард теңгені қолды еткеніне сенбейді. Ол істің жартылай жабық өтуінің саяси астары бар деп есептейді. Сөзінше, даулы қорға қатысы бар өзге де лауазымды тұлғалардың атын жасыру үшін істі жартылай жабық өткізуге жоғары билікте саяси шешім қабылдануы мүмкін.

– Бұндай жас қызға осыншама қаржы жайдан-жай жіберілген жоқ. Бұның артында саяси партия, қазіргі «Аmanat» тұрғаны түсінікті. Билік бұл партияның халықтың алдындағы беделін түсіргісі келмейді. Қазір партия биліктің серіктесі ретінде қарастырылады. Сол себепті партияны бұл соттан алшақ ұстағысы келеді. Бұл істе қазір «Ескі Қазақстан» деп аталатын топтың мүшелері болуы мүмкін. Қазір лауазымды қызметте отырған адамдар да бар шығар. Сол себепті де соттың бір бөлігі жабық өтті. Бұл жартылай жабық сот жүйесінің өзі түсініксіз. Қоғамға ашық ешнәрсе көрсетпеуінің себебі де осы іске қатысы бар фамилияларды жасыру үшін жасалғандай көрінеді. Соттың жабық бөлігінде Перизат сол адамдардың атын атаған болуы мүмкін. Егер ол атаған адамдарға қатысты дәлелдер табылса, онда алдағы уақытта қосымша қылмыстық істер ашылуы мүмкін, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы, Толғанай Умбетәлиева. Фото: Ашық дереккөзден.

«АШЫҚ СОТ ЖАБЫҚ ЕСІКТІҢ АР ЖАҒЫНДА ӨТІП ЖАТЫР»

Ұзақ жылдан бері Қазақстандағы сот істерін бақылап жүрген құқық қорғаушы Ринат Рафхат та саясаттанушының пікірімен келіседі. Оның сөзінше, істің жартылай жабық өтуіне қазіргі және бұрынғы билікте болған адамдардың ықпалы болуы мүмкін.

– Сотты не себепті жартылай жабық етіп тастады? Себебі Перизат Қайрат сотта өзі басқарған қорға Бауыржан Байбек бар, «NurOtan» партиясының бұрынғы және қазіргі қызметкерлерінің қатысы бар деген соң істі жартылай жабық етті. Менің ойымша, сол кісілердің ықпалы болуы мүмкін. Мысалы, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында зорлық-зомбылық экпизоттар ашық көрсетілді. Біздің еліміз ғана емес, басқа мемлекеттер де көрді. Ешқандай процесін қалдырмастай көрсетті... Мен сотта судьяның бейтараптылығын көргім келіп еді. Бірақ бұл сотта мен судьяны көре алмадым. Тек Перизаттың сөздерінің үзінді бөліктерін, куәлердің сөздерін, прокурордың айыптауын ғана көрдім. Ашықтықты жақсы көретін «Жаңа Қазақстан» болса Бауыржан Байбек келмесе де неге шақырту бермеді? Неге ашықтықтан қашты? Демек, бір келісім бар. Ашық сот жабық есіктің ар жағында өтіп жатыр деген сот қой. Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабында бар «жариялық» деген. Ода мысалы, бірнеше бөлік бар. Сол бөлікте «заңмен қорғалатын құпиялар» деген бар. Бұл жерде «заңмен қорғалатын құпиялар» деген сол мемлекетте істейтін адамдар болып тұр деп ойлаймын, – дейді Ринат Рафхат.

Құқық қорғаушы, Ринат Рафхат. Фото: Ашық дереккөзден.

«NUROTAN», БАЙБЕК ЖӘНЕ «BIZ BIRGEMIZ»

Сот басында Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan – 2030» қоры Бауыржан Байбектің жетекшілігімен партия жанынан құрылған деп, одан жауап алуды сұраған. Бірақ «NurOtan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек іске қатысқан жоқ.

Сот үкімінен кейін Перизат Қайраттың адвокаты Асыланбек Дәулетяров істі саяси астары бар дегенмен келіспейтінін айтты. Ол «Бауыржан Байбекті сотқа шақыру туралы ешқандай тарап өтінішхат түсірген жоқ» деді.

«Amanat» партиясы «Biz Birgemiz Qazaqstan – 2030» қайырымдылық қорына партияның қатысы жоқ деп мәлімдеген. Бірақ қор құрылтайшылары қатарында «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» бірлестігінің мүшелері Арыстанбек Мағзұм, Гүлназ Сейкамал, Аружан Аманбай, Әйгерім Серікжанова болған.

– Қор жұмысына араласқан жоқпын. Оның қаржы есептерімен де танысқан жоқпын, – деген сол уақытта Әйгерім Серікжанова Азаттық радиосына.

СЫН ЖӘНЕ БОЛЖАМ

Әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың істі болуын су тасқыны кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, үкімет пен мемлекет басшысының жұмысын сынға алуымен байланыстырып жатқандар да бар.

Бұдан бөлек, Перизат Қайрат қыруар қаржы ғана емес, елдің қайырымдылыққа деген сенімін де ұрлады деген пікірдегілер де бар. Мысалы, дінтанушы Қайрат Жолдыбай Facebook желісінде Перизат Қайрат ісіне байланысты:

– Перизат Қайрат жұрттың ақшасын ғана ұрлаған жоқ. Ол тұтас елдің қайырымдылыққа деген сенімі мен үмітін ұрлады. Алдыңғысының орны толар, ал екіншісінің орнын толтыру қиын іс, – деп жазды.

ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТТЫҢ ЖАУАБЫ, «ТЕРГЕУШІЛЕР ҚИЯЛЫ»

Перизат Қайраттың өзі де, анасы Ғайни Алашбаева да сотта тағылған айыпты мойындаған жоқ. Перизат мұны тергеушілердің фантазиясы деп атады.

– Мен айыптау актісімен келіспеймін. Себебі прокурор келтірген уәждер негізсіз. Қарапайым тілмен айтқанда, тергеу барысындағы тергеушілердің қиялына мен жауапты емеспін. Тиісінше, мен маған тағылған негізсіз айыпты мойындамаймын, – деген ол.

ТАҒЫЛҒАН АЙЫП ПЕН ҰРЛАНҒАН ҚАРЖЫ

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру» баптары бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметінше, Перизат Қайрат 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына 127 миллион, 2024 жылы Газадағы халыққа көмтесу үшін 566 миллион және дәл осы жылы көктемде Қазақстанда болған су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек ретінде 2 миллиард 860 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Ол бұл қаражаттардың басым көпшілігін жеке мақсаттарына пайдаланып, қымбат автокөлік, жылжымайтын мүлік, әшекей бұйым мен саяхатқа жұмсаған.