Қазақстанда Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келетін еңбек мигранттарының саны күрт артты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тәжікстандық Азам Мукимов Қазақстанда 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін ол 12 жыл Ресейде еңбек еткен. Алайда үш жыл бұрын оған Ресейде жұмыс істеуге рұқсат берілмей, еліне қайтуға мәжбүр болған. Кейін елге қайта оралмақ болғанда, белгісіз себеппен оның елге кіруіне тыйым салынғаны анықталған. Осыдан кейін оны Қазақстанға таныстары шақырған.
– Ресейде соңғы кезде бәрі өзгеріп кетті, тіпті телеарналарда мигранттарды жамандап жатыр. Ал мұнда ондай жоқ, бәрі жақсы қарайды. Көршілерім де ешқашан жаман сөз айтқан емес, бәріміз бауыр сияқтымыз. Тіпті полицейлер де «ассалаумағалейкум» деп, агрессиясыз, жақсы қатынаста. Мұнда да Ресейдегідей құрылыс саласында жұмыс істеймін, бірақ жалақым 30%-ға аз. Сондықтан отбасымды көшіре алмай отырмын. Бұрын олар менімен бірге Ресейде тұратын, ақша бәріне жететін. Қазір тек жұмыс істеп, үйге ақша жіберемін. Отбасың жаныңда болмағаны қиын, бірақ не істей аламын?, – дейді ол Asia-Plus басылымына берген сұхбатында.
Азамның айтуынша, қазір Қазақстанға Тәжікстаннан келіп жатқан азаматтар саны артып келеді. Көпшілігі құрылыс пен базарларда жұмыс істейді. Ал бір бөлігі Ресейдегі жағдайдың «тұрақтануын» күтіп жүр.
ПІКІР
Қазақстандағы еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесі Ресеймен салыстырғанда өзгеше. Мұнда патент институты жоқ. Мигранттар жұмысқа не әкімдіктердің ресми рұқсаты бойынша бөлінетін квота арқылы, не уақытша тіркеумен ғана орналаса алады.
Paperlab қазақстандық қоғамдық ұйымының миграция және демография саласын зерттеушісі Дарина Жүнісованың айтуынша, Қазақстанда еңбек мигранттары өзін толықтай қорғалғандай сезіне алмайды.
– Бағдарламалар мен саяси мәлімдемелер болғанымен, мигранттарды бейімдеуге арналған инфрақұрылым Қазақстанда әлі де бытыраңқы. Әсіресе маусымдық және мәжбүрлі мигранттар әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыда әлсіз топқа жатады. Халықаралық ұйымдармен, әсіресе Халықаралық көші-қон ұйымы мен ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты арттыру бұл мәселелерді жекелеген түрде шешуге көмектесіп отыр. Алайда тұрақты әрі жүйелі шешімдер әлі де жеткіліксіз, – дейді сарапшы.
СТАТИСТИКА
Халықаралық көші-қон ұйымының шекара қызметінің деректеріне сілтеме жасаған есебіне сәйкес, 2025 жылдың I тоқсанында Қазақстанға келген шетел азаматтарының саны 2024 жылдың соңымен салыстырғанда 18%-ға артқан.
Оның ішінде:
Тәжікстан азаматтарының үлесі – 7%-ға,
Қырғызстан азаматтары – 27%-ға,
Өзбекстаннан келгендер саны – бірден 42%-ға көбейген.