АҚШ-та мансап құрған қазақ қызы бәрін тастап, Қазақстанға оралды

Сырым Қаржас
фото: digitalbusiness.kz

Қазақстандық қыз АҚШ-тағы табысты мансабын тастап, елге оралды. Ол енді өз стартабын дамытуға кірісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Камила Даутқанова Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыған, кейін KIMEP студенті болды, деп жазады Digital Business. Университеттен соң ірі компанияларда маркетолог ретінде мансабын бастады. Кейін Лос-Анджелестегі University of Southern California оқу орнына түсті. Оны тәмамдаған соң АҚШ-тағы ірі агроөнеркәсіп корпорациясы CF Industries-ке жұмысқа орналасып, негізгі серіктестермен жұмыс істеді. Алайда бірнеше жылдан кейін Камила Қазақстанға оралуға шешім қабылдады.

– Бір-екі жылдан соң Қазақстанға қайтуды ұйғардым, себебі өз бизнесімді құруға дайын екенімді түсіндім. Қазір кофаундерім Әділ Айтыммен бірге BookEat стартапын дамытып жатырмыз. Бұл мейрамхана ісін оңтайландыруға арналған ақылды сервис. Ол үстелге алдын ала тапсырыс беруге және тағамды алдын ала таңдауға мүмкіндік береді. Жобаны Қазақстанда жүзеге асыруды жөн көрдім, өйткені мұнда нарық әлеуеті мен мейрамхана бизнесінің қазіргі жағдайы арасында үлкен алшақтық бар. Қолмен жасалатын жұмыстар мен тапсырыстағы ретсіздік салдарынан мекемелер ай сайын мыңдаған доллар жоғалтады. Ал қонақтар кезекте уақыт жоғалтып, сапасыз қызмет алады. Мұны өзгертуге болады, – дейді Камила.

Ол Қазақстаннан тыс жүрген жылдары елде біраз өзгеріс болғанын атап өтті. Ол туған жеріне мүлде басқа мемлекетке оралғандай күйде келгенін айтты.