АЭС құрылысына қарсы бес белсендінің сотында үкім оқылды. Судья Ернар Қасымбеков сотталушылардың барлығын кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығын шектеді, хабарлайды Ulysmedia.kz .
Сот үкімі
26 тамызда Алматының Алмалы аудандық сотында былтыр атом электр станциясын салуға қарсы шыққан бес белсендінің сотында үкім оқылды.
Судья Ернар Қасымбеков іс бойынша күдікті деп танылған белсенділер Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковты қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға шартты жазаға кесті.
Сот үкіміне сәйкес, белсенділерге бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Қамаудағы бір күні екі күнге есептеліп, пробациялық бақылауға алынды. Барлығы сот залынан босатылды.
Ulysmedia тілшісі сотталушылармен тілдесуге тырысты. Бірақ олар пікір бермеді. Үкім оқылғаннан кейін айдауыл барлығын сот залынан алып кетті. Судья Ернар Қасымбеков белсенділерді толықтай босату үшін бірнеше сағат керегін айтты. Ол мұны үкімді арнайы базаға тіркеу процедурасымен байланыстырды.
Бұған дейін прокурор күдіктілердің барлығын қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот залынан The Qazaq Times сайтының бас редакторы Қойшыбек Мүбарак пен блогер Абзал Достияров тағы да кіргізілмеді. 25 тамызда өткен сот процесінде судья Ернар Қасымбеков ешқандай түсіндірмесіз барлық журналистерді залдан шығарып жіберген. Бүгін ол үкім оқымай тұрып, Қойшыбек Мүбарак пен Абзал Достияровтың сот тәртібін бұзғанын айтты. Бірақ нақты қандай тәртіп бұзғанын атамады.
«Істе қылмыстық құрам жоқ»
Сотталушы белсенділердің адвокаты Төлеген Берліқожа үкіммен келіспейтінін айтты. Ол алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірмек.
«Біз сотта бұл істе жалпы қылмыстық құрам жоқ екенін дәлелдедік. Қылмысқа оқталу деген сөз, сақадай сай дайындалу керек қой. Қылмыс жасайтын құралдар, қарулар, өртейтін, бұзатын, қирататын заттар бұлардың өздерінен немесе үйлерінен табылған жоқ. Көрсеткен сөз мәтіндерінде де ондай мүлде болған жоқ. Жалпы, мен заңгер ретінде айтарым, бұл жерде ешқандай қылмыстық құрам жоқ. Неге? Алдыңғы жеті адамды істен не үшін қысқартты? Өйткені қылмыстық құрамы жоқ. Бұларда да қылмыстық құрамы жоқ. Қамалып қойғаннан кейін, амал жоқ осындай жеңіл жазамен үкім шығарып отыр. Мен бұл шешім әділ емес деп санаймын. Сотталушылар шығып, есін жиғаннан кейін сөйлесеміз. Ары қарай біз апелляциялық, жоғары сотқа шағымданамыз», – деді Төлеген Берліқожа Ulysmedia тілшісіне.
«Саяси шешім»
Ulysmedia тілдескен саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы істің саяси астары бар деп есептейді. Оның сөзінше, атом электр станциясына қарсы шыққан белсенділерді қамау оларды ғана емес, АЭС-ке қарсы өзге де адамдарды қорқытудың амалы.
«Бұл саяси шешім. Бес азаматты ғана емес, бүкіл дүйім жұртты үркіту, қорқыту, сескендіру. Көшеге шықпасын деп, референдум болмай жатып, референдум қарсаңында жасалған әрекет. Өйткені оған дейін наразылық, қарсылық өте қатты күшейді. Атом электр станциясы салынады деген мәселеге жұрт қарсылық білдірді. Өте көп бөлігі. Ал осы қарсылықтың арты неге алып барып соғады? Референдумның өтпей қалуы немесе ол өткен жағдайда да наразылық туындауы әбден ықтимал еді», – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Референдум
Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Бірақ референдумға «станцияны қай елдің компаниясы салғанын қалайсыз?» деген сауал шығарылған жоқ.
Қарсылық
АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқы өткен кезде бірқатар экологтар мен азаматтық қоғам өкілдері қарсы шықты. Олар Совет заманында ядролық сынақ өткен Семей полигоны мен Чернобль АЭС-індегі апатты мысалға келтіріп, АЭС салынады деген Балқаш көлінің алдағы тағдырына алаңдаған. Наразылар атом электр станциясын «Росатом» салатын болса, ол Қазақстанның Ресейге саяси және энергетикалық тәуелділігін арттырады деген.
Ресей мен Қытай салатын АЭС
Кейіннен Қазақстан үкіметі алғашқы атом электр станциясын салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясы болатынын айтты. Жақында АЭС салынады деп белгіленген Алматы облысындағы Үлкен ауылынан топырақ сынамалары алынған.
Екінші АЭС-ті салуға байланысты консорциум көшбасшысы болып Қытай таңдалған. Әзірге екінші атом электр станциясының құрылысы қашан басталатыны белгісіз.