Киберқауіпсіздік, қолды болған 25 млрд теңге: Қазақстанда интернет-алаяқтық неге өршіді

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Қазақстанда кейінгі уақыттары киберқылмыс өршіп тұр. Ресми статистика бойынша, былтырғы жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық 9 пайызға өскен. Жыл басынан бері қылмыскерлер 25 миллиард теңге қаржыны қолды еткен. Ulysmedia.kz киберқауіпсіздік, алаяқтық схемасы және онымен күрес жөнінде зерттеп көрді.

АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНҒАН ПРОФЕССОР

Биыл маусымда 76 жастағы белгілі журналистика профессоры Кәкен Қамзиннің интернет алаяқтарға алданып, 5 миллион 500 мың теңге ақшасы мен жалғыз үйінен айырылып қалғаны қоғамды қызу талқыланды.

Алаяқтар профессорға таныстарынан 2 миллион 300 мың теңге қарыз алдыртып, баспанасын 31 миллион теңгеге сатқызып, жиынтығы 38 800 000 теңгені қолды еткен.

«12 маусым күні, сағат таңертеңгі ондар шамасында «қалалық энергожүйесінен» бір әйел қоңырау шалды. Айтуына қарағанда, біздің үйдегі электр есептегіштер ескіріпті, соны жедел ауыстыру керек. Сондықтан жеке куәліктегі көрсеткіштеріңіз қажет. Телефонында қалалық энергосетьттің логотипі тұр. Сендім. Түнімен жазу жазып, ұйқылы-ояу басым еш ойланбай деректерімді беріп жіберіппін. Іле-шала өзін «қаржы бақылау департаментінің» қызметкерімін деп таныстырған адам телефон шалды. «Сіздің Egov-тағы барлық мәліметтеріңіз алаяқтардың қолына түсіп қалды. Неге бересіз, енді оларды іздестірумен, құрықтаумен біз айналысамыз. Бірақ бұл операция өте құпия жағдайда жүргізіледі, сіз ол туралы жақын-жұрағаттарыңызға да тіс жармайсыз»,- деп қадап айтты. Одан кейін өз кабинетінен өзін «ҰҚК майорымын» деп таныстырған Мальтиев деген адам видеотелефон шалып, барлығын өзі бақылауында ұстайтынын ескертті. Тағы «бәрі конфиденциально, сіз азамат ретінде алаяқтарды ұстауға көмектесуге міндеттісіз, әйтпесе қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартыласыз» дегенді қатты ескертті. Бәрі, міне, осыдан басталды. Одан кейін бір жағынан қатты сенген, екінші жағынан еңсем түскен басым солардың жетелеуіне ілесіп кете беріппін», – деп жазды Кәкен Қамзин Facebook желісінде.

Профессор, Кәкен Қамзин. Фото: Ашық дереккөзден

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің хабарлауынша, сатылған үйдің ақшасы шетелге аударылып кеткен. Оны қайтарып алу мүмкін бе, жоқ па белгісіз. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Кәкен Қамзинге шәкірттері мен әріптестері әлеуметтік желіде жылу жинап, жақында қажетті сомма жиналып, пәтерін қайтарып алды.

«ПӘТЕР ЖАЛДАЙМЫН ДЕП ҚАРЖЫМНАН АЙЫРЫЛДЫМ»

Ulysmedia сөйлескен алматылық Ермұхамет Жылқайдаров (аты-жөні өзгертілген) «Krisha.kz» сайтында пәтер іздеймін деп, алаяқтарға алданған. Ол пәтерақының бір бөлігін қалай бергенімді өзім де байқамай қалдым дейді. Сөзінше, алданып қалуына сол уақыттағы әлеуметтік жағдайы да әсер еткен. Өзі тұрып жатқан пәтерді тез арада босату керек болған.

«Бірнеше рет жұмыстан кейін барып көремін деп өз қолайыма жаққан пәтерден айырылып қалдым. Мен барғанша басқа адамдарға өтіп кетіп жатты. Бұл мені тезірек пәтер табуға асықтырды. Сонымен "Крыша" қосымшасынан іздеп отырғанымда жұмысыма жақын және қаланың орталығы жағынан әдеттегі бағадан сәл арзан әрі таза пәтердің жарнамасы шыға кетті. «Енді бұдан да айырылып қалмау керек» деген ой келді. Сонымен жарнама иесіне хабарластым. Жарнама иесі қарбалас жұмыста екенін айтып, сәлден кейін хабарласуымды өтінді. Сонымен араға 5-10 минут салып тағы хабарластым, ол өзінің жұмыста екенін, кешкі уақытта ғана пәтерді көрсете алатынын айтты. Жұмысы қарбалас ұзақ сөйлесе алмайтын адамдай сыңай танытты. Ыңғайлы пәтерлерді уақытында барып көре алмай айырылып қалғандықтан бұны қалайда жібермеу керегін ғана ойладым. Сонымен, жарнама иесіне алдын ала төлем жасайын немесе «задатак» қалдырайын, жарнамаңызды алып тастасаңыз деп өзім өтініш білдірдім. Ол «Бұл қалай болар екен» деп келісіңкіремеген сыңай танытып тіпті де сеніміме кіре түсті. Сонымен оның нақты несие картасын, банк есеп шотын бермегеніне де мән бермей ол айтқан соманы (пәтер ақысының 3/1) QW кошелектегі шотына салып бердім. Ақшаны сала салысыммен әлгі нөмірге қоңырау өтпей қалды және жарнама да сәл тұрып жойылды», – дейді ол.

«Krisha.kz» сайты қолданушыларды пәтер жалдауда оны онлайн брондап, алдын ала төлем жасамау керектігін айтып ескертулер жасайды.

«ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚПЕН ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР ТИІМДІ КҮРЕСІП ЖАТҚАН ЖОҚ»

Журналист, IT маманы Мейіржан Әуелханұлы «интернет-алаяқтықпен құзырлы органдар тиімді күресіп жатыр деп айта алмаймын» дейді. Сөзінше, азаматтардың қолды болған ақшалары қолдан-қолға өтіп, шетел асып, оны кері қайтару мүмкін емес. Оның сөзінше, қазір интернет-алаяқтықпен күресудің бірден-бір жолы халықтың сауаттылығын арттыру.

«Бізде алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың ақшалары бірнеше қолға өтіп, бірнеше тұлға арқылы шетел асып кеткен. Сондықтан оны қайтару мүмкін емес. Мүмкін емес деп ашық айту керек. Алданған талай адамдарды білеміз. Олардың ақшалары мүлде қайтқан жоқ... Құзырлы органдар елдің ішіндегі ғана алаяқтарды ұстауы мүмкін. Ал шетел асып кеткен қаражаттарды қайтаруға құзыретті органдардың қайтаруға қауқары жоқ», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.

Журналист, IT маманы Мейіржан Әуелханұлы. Фото: Ашық дереккөзден

«КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ТИІМДІ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНЫП ЖАТЫР»

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтар қазақстандықтардан жиынтығы 25 миллиард теңгеге жуық қаражат ұрлаған. Оның тек 895 млн теңгесі ғана қайтарылған.

«Биылдың өзінде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Министрлік киберқауіптерге қарсы тиімді шаралар қабылдап жатыр», – деген Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

«ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ЖАҢА СИПАТ АЛЫП ЖАТЫР»

Мейіржан Әуелханұлы интернет-алаяқтық тәсілдері жаңа технологиялардың дамуымен түрленіп, дамып, уақыт өткен сайын жаңа сипат алып жатыр дейді.

«Қоңыраулар, фишинг, жалған сайттар, әлеуметтік желіде танымал тұлғалардың бейнесін пайдалану, содан кейін, сіз әлеуметтік желіде жеке куәлігіңізді мессенжерлер арқылы жіберген болсаңыз, сол жердегі ақпараттар арқылы SIM-карталар жасауы мүмкін деген сияқты тәсілдерді алаяқтар қолданады», – дейді ол.

Сарапшылар құзырлы органдар жаңа технологиялардың өте жылдам дамуына байланысты интернет-алаяқтық схемаларына тосқауыл қойып үлгермей жатыр деген пікір айтады. Бұған қоса, интернет-алаяқтыққа байланысты істерді тіркеу, оны жүргізуге қатысты да құзырлы органдарға сұрақ көп.

Мәжіліс депутаты, Екатерина Смышляева. Фото: Мәжіліс

«ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ӨРШУІ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ЕМЕС»

Парламент Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева интернет-алаяқтықтың өршуі киберқауіпсіздік мәселесіне байланысты емес дейді. Оның сөзінше, бұл көп жағдайда әлеуметтік инженерия мәселесі. Яғни, алаяқтар қарапайым азаматтардың сенімін пайдаланады.

«Шындығын айтқанда, қазіргі алаяқтық схемаларда негізінен әлеуметтік инженерия белгілері басым. Ол жерде киберқауіпсіздік мәселесі жоқ. Ол жерде сенім мәселесі. Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, олардың өздерін қандай да бір қадамдар жасауға итермелейді. Олар ешнәрсені бұзып жатқан жоқ. Тек біздік сенімімізді пайдаланып жатыр. Киберқауіпсіздік мәселесі телефон нөмірі сияқты деректерді [алаяқтар] алған кезде ғана қозғалады. Бұл деректердің көбісі ашық дереккөздерде бар. Сол себепті осы мәселемен, әлеуметтік инженериямен күресу қажет. Бұл жерде алаяқтар мызғымайды», – дейді ол.

16 шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов БАҚ өкілдеріне берген алғашқы баспасөз мәслихатында киберқауіпсіздік пен интернет-алаяқтық мәселесі туралы айтқан. Ол үкімет интернет-алаяқтықпен күресуге барынша тырысып жатыр деген.