«Қазақстан Халқына» қорына қаржы аудармаған байлар

Ulysmedia

Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың бастамасымен құрылған  «Қазақстан халқына» қорына, міне, екі аптадан бері отандық кәсіпкерлер ақша жинай бастады. Бұл қорға ірі бизнес өкілдері әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін ерікті түрде қаржы аударуға тиіс еді. Алайда, олигархтардың бәрі бір ауыздан Президент бастамасын қолдап кете қойған жоқ. Ulysmedia.kz тілшісі Forbes Kazakhstan тізіміне қарап, қайырымдылықтан қалыс қалған байларды санап шықты.

Фото: Ulysmedia.kz коллаж

Еске, салсақ 28 қаңтар күні өткен Nur Otan  партиясының съезінде Мемлекет басшысы қайырымдылық акциясына атсалысуға асықпай отырған белгілі кәсіпкерлерді бір сынап алған.

«Бұл сараңдық па, нигилизм бе, немқұрайлылық па әлде менсінбеушілік пе?», - деп еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расымен де «Қазақстан Халқына» қорына ақша аударғандар тізімінде танымал олигархтардың көбі жоқ.

Қайрат Боранбаев. Forbes-тың ең ықпалды байлар тізімінде бесінші орында тұрған бизнесмен Дариға Назарбаеваның туған құдасы.

Журналдың жазуынша, кәсіпкердің иелігіне McDonald’s-тың Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше аймағындағы франчизалары, «Алекс-Сарыағаш», «Кемикал» және RR2 сынды ірі кәсіпорындар, Алматыдағы ақылы тұрақтарды басқаратын Aparking компаниясы, Esentai Mall сауда үйінің 50%-ы кіреді. Бұдан бөлек Боранбаевтың элиталық қонақ үйлері, фитнес-клубтары, басқа да орталықтары бар. Forbes-тың есебіне сенсек, оның байлығы $600 000 000 –ға жетеғабыл, алайда Боранбаевқа тиесілі бірде бір компания пайдасын елмен бөлісуге асықпаған сыңайлы.

Нұрәлі Әлиев – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немересі. 37 жасында еліміздің ең ықпалды кәсіпкерлері рейтингінде 30-орынға жеткен. Forbes мәліметінше, Әлиев Capital Holding  инвестициялық компаниясының иесі, «Транстелеком» АҚ-ның мажоритарлық акционері, Darmen Holding компаниясы мен Nd Capital венчурлық қорының негізін қалаушы.

Аталғандардан бөлек Тұңғыш Президент немересінің табысты саналатын «Европа плюс Казахстан, «Независимый Телевизионный Канал» медиажобаларында үлесі бар. Бірнеше мейрамханаға да қожалық етеді.

Жас олигархтың дүниесі Forbes $195 000 000-ға бағалайады. Нұрәлі Әлиевтің есімі шетелдегі офшорлық компаниялар, олардың иелері, заңсыз әрекеттері туралы жасалған «Пандора тізімі» зерттеуінде де аталған.

Ғалымжан Есенов. Жамбыл облысындағы «Казфосфат» ЖШС-ның иесі  Forbes рейтингінде 21-орында тұр. Кәсіпкер белгілі шенеунік Ахметжан Есімовтың бұрынғы күйеу баласы. Айтпақшы, ол Jýsan Bank-тің 19,67% акциясын да сатып алған.

$412 000 000–ға бағаланар байлығы бар Есенов те «Қазақстан Халқына» қаржы бере қоймады. Есесіне, оның да есімі өткен күзде «Пандора тізіміне» ілінді.

Сәрсеновтер отбасы. «Үйдің үлкені» Рашит Сәрсенов «Нұрбанктың» негізгі акционері болатын. Алайда кейін құнды қағаздарын 36 жасар ұлы Элдарға жазып берген. Сонда да қазір ол Forbes тізімінде 10-шы орында тұр, байлығы $810 000 000-ға бағаланады. «Виктория» сақтандыру компаниясына, BSB Француз үйіне және басқа да активтерге иелік етеді.

Элдар Сәрсенов – «Нұрбанктің» төрағасы. Оның басқаруы кезінде банк бірнеше рет сынға ұшырады. Тіпті Семейдегі қызметкерлері алаяқтық үшін сотқа тартылды.

Ал Болат Назарбаев таныстыруды да қажет етпейді. Заманымыздың «жарты патшасы», сантехниктен алпауыт кәсіпкерге айналған Елбасының інісін Қазақстан халқы жақсы біледі. Күні кешеге дейін ол «Қазақмыс» корпорациясы директорларының бірі және RBK акционері болып келді.

Қазір Болат Әбішұлы – қарапайым зейнеткер, иелегінде ресми BN Invest холдингі ғана бар. Алайда, шын мәнінде оның дүниесінің көлемін ешкім нақты айта алмайды. Кәсіпкерлік ортадағы Болат Назарбаевтың ықпалы, орны туралы талай журналистік зерттеу де жасалды. Халық Тұңғыш Президенттің бауырын Алматыдағы ірі базарлардың иесі, ал жерлестері күллі облыстың қожайыны деп таниды. Көптеген рейдерлік әрекеттері туралы да ақпарат тарады. 2019 жылы kz.expert порталы Болат Назарбаев «Харгос» халықаралық шекаралық әріптестік орталығының «қараушысы» екенін жазған, алайда бұл мәліметті ешкім дәлелдей алмады.

Басқа да бай-бағландар секілді Болат Назарбаев та «Қазақстан Халқына» бір тиын берген жоқ.

Еске салайық, қаңтар айында Президенттің бастамасымен негізі қаланған әлеуметтік қорды Болат Жәмішев басқарып жатыр. Қайырымдылық акциясына атсалысқандар саны әзірге жиырмадан асты.