Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы президент резиденциясын бұзу туралы бұйрыққа 2022 жылдың көктемінде қол қойған. Сол кезде комиссия ғимаратты қалпына келтіру мүмкін еместігін анықтаған еді. Президент резиденциясы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген.
Президент резиденциясының орына қоғамдық саябақ салынатыны айтылған. Сол уақыттан бері үш жарым жыл өтті. Ulysmedia.kz тілшісі ұзаққа созылған құрылыс жұмысын білу мақсатында биік қоршаулардың артында не болып жатқанын анықтауға тырысты.
Режимдік нысан аумағындағы саябақ
Болашақ саябақ Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысында орналасқан. Құрылысаумағына кіруге жұмысшыларға рұқсат етілген. Ulysmedia.kz тілшісі нысанға кіріп, жұмыс барысын бақылап фотоға түсіруге тырысты. Бірақ құрылыс басындағы адамдар ішке тек әкімдіктің жазбаша рұқсатымен ғана кіруге болатынын айтты.
Құрылыс алаңындағы «басшылардың» айтуынша, бұл учаске әлі де президент резиденциясы ретінде тіркелген. Бірақ резиденция әлде қашан бұзылған. Билік бұған дейін жерді коммуналдық меншікке беру 2024 жылы аяқталғанын хабарлаған еді.
— Бірақ бұл режимдік нысан емес қой, неге бұндай ережелер? — деп сұрады Ulysmedia тілшісі.
— Сіз дәл қазір президент резиденциясының аумағында тұрсыз, яғни формалды түрде бұл режимдік нысан, — деп жауап берді қызметкерлер.
Қираған президент резиденциясы орнында не салынып жатыр?
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталған. Ал жоба эскизі екі рет мақұлданған. Құрылыс барысын көру тек көрші бизнес орталықтың жоғарғы қабатына көтерілгеннен кейін ғана мүмкін болды. Осы жерден қарағанда, алаңда жұмысшылар, құрылыс техникалары көрінеді.
Айта кету керек, объективке тек аумақтың бір бөлігі ғана түсіп қалды. Қазірге дейін мұнда жасыл желек егу мен шағын сәулет нысандары көрінбейді, дегенмен нысанды жоспар бойынша бір айдан да аз уақыт ішінде — яғни 25 қазанға, Республика күніне дейін пайдалануға беруі тиіс.
Негізгі аймақ қалың ағаштармен жабылған. Бұрын хабарланғандай, әкімдікке жақын жерде серуендеуге арналған жолдары бар жасанды көлшік жасау жоспарланған.
Құрылысты кім жүргізіп жатыр?
Нысан паспортына сәйкес, мердігер — ЖШС Comrades group. Uchet.kz порталының мәліметі бойынша, компания 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді және шағын кәсіпорындар қатарына жатады. Олар құрылыс-монтаж жұмыстарына, тау-кен және химиялық нысандарды пайдалануына, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында заңды тұлғаларды сертификаттауға лицензиялары бар.
Ұйым басшысы ретінде Пан Владислав Виссарионович көрсетілген. Ашық дереккөздерде ол туралы деректер өте аз. Бірақ қазақстандықтарға басқа бір адам — аты-жөні және әкесінің аты ұқсас Пан Наталья Виссарионовна таныс болуы мүмкін. Ол бұрынғы әділет вице-министрі және қазіргі таңда ҚР Президенті Әкімшілігінің Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасындағы «Парламентаризм институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын басқарады.
Жобалаушы компания — ЖШС «Урбостиль», басшысы — Нысанбаева Любовь Владимировна. Сонымен қатар, ол Қазақстанның қала құрылыстырушылар одағын басқарады. Компанияның ауқымды жобалар бойынша тәжірибесі бар: мысалы, «Урбостиль» Қонаев қаласының Генеральдік жоспарын әзірлеген, оны Нысанбаева екі жыл бұрын Президент Тоқаевқа таныстырған.
Техникалық қадағалауды 2019 жылы тіркелген ЖШС «АлиЭксперт.кз» жүзеге асырады. Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы президент резиденциясын қайта құру жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыруға бюджеттен 944,5 миллион теңге бөлінген. Қосымша 2,2 миллиард теңге демеушілік қаражат есебінен тартылған. Алайда қала әкімшілігі «инвесторлардың» аттарын жарияламады.