Екі жыл бұрын әскерде жүріп жұмбақ жағдайда қаза болған Қайсар Сұлтановтың анасы мен заңды өкілдері әділдік іздейді. Олар марқұмның өз-өзіне қол салғанына сенбейді. Тергеу "Қайсар басынан екі рет атып, суицид жасаған" деген қорытындыға келген. Сарбаздың анасы Сәуле Тілеубергенова мен заңгер Инга Иманбай "бірінші оқ пен екінші оқтың арасында 6 минуттық үзіліс бар, миының жартысы шашылып қалған адамның өзін екі рет атуы мүмкін емес" деп есептейді.
«Шындық іздеп Қазақстанды аралап шықтым»
Сәуле Тілеубергенова «екі жылдан бері барар жер басар тауым қалмады» дейді. Ол бірнеше рет жабылған істі қайта аштыру үшін марқұм ұлымен қайғылы оқиға болған күні бірге болған сарбаздардың үйін аралап, Қазақстанның түкпір-түкпіріне барған. Ол Қайсар қаза болғаннан кейін әскери бөлімде олардың барлығымен сөйлескен. Бірақ ол кезде барлығы да нақты жауап бере алмаған. Қорқыныш пен қысымда болғанын сезген. Осыдан кейін ол сарбаздардың үйіне қайтқанын күткен.
«Мен мына балалар дембельге шыққанша күттім. Баламмен бірге болған сарбаздардың барлығының үйіне Қазақстан бойынша барып шықтым. Көкшетау, Шымкент, Балқаш, Тараз. Сол балалардың үйіне барлығына барып, бірінші ата-аналарынан рұқсат сұрадым. «Мен осындай-осындай баланың анасымын, шындық іздеп жүрмін. Балаңызбен сөйлесуге рұқсат етіңізші» деп. Сонда Шымкенттегі бір жігіт сол ғимаратта болған. «Бұлар келе жатқанда маған звондады. Барлығы жақсы» деп дейді. «Қайсарға бара жатқанда сол күні кезекші бөлімнің басшысы болған Оспанов барлығын шығарып жіберді» деді. Менің тапқан дәлелдерімнен кейін басты тергеу басқармасына, прокуратураға барып ұсынған соң үшінші рет іс ашылды», – дейді ол.
«Бірінші оқтан миының жартысы шашылып қалған»
21 жастағы Қайсар Сұлтанов 2023 жылы 9 қазанда Астанадағы Ұлттық ұлтанның №6636 әскери бөлімінде қаза болған. Сол уақытта тергеу оның өлімі «өз-өзіне қол жұмсау» деп танып, істі жапқан.
Заңгер Инга Иманбайдың сөзінше, тергеумен келіспейді. Ол адам өзін-өзі екі рет басынан атып өлтіруі мүмкін емес дейді.
«Екі жыл бұрын «кісі қолынан қаза тапқан» Қайсардың өлімі үшін ешкім жауап берген жоқ. Дұрыс тергеу болған жоқ. Екі рет басына оқ тиген өлімді суицид деп жауып тастады. «Өзін-өзі өлтірді» дейді. Бұған енді заңгер болудың қажеті жоқ. Сарапшы болудың қажеті жоқ. Адам өзінің басына екі рет оқ ата алмайды. Біз Қазақстан тарихында істе «өзін-өзі өлтірді» деп үш рет атқан бір ақ кейсті білеміз – Заманбек Нұрқаділовтің. Қайсардың кейсі ол екінші кейс. Екі оқта басына тиген. Бірінші оқ пен екінші оқтың арасында алты минут өткен... Бірінші оқтан кейін оның миының жартысы шашылып кеткен», – дейді Инга Иманбай.
«Істі “Адам өлтіру” бабымен қозғау қажет»
Заңгер істің қайта қозғалғанына үш ай болды дейді. Бірақ ол қайтадан «өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша қозғалған және ол осыған дейін бірнеше рет істі жауып тастаған тергеушінің қолында.
Инга Иманбай істі қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қозғау қажет дейді. Ол арнайы тергеу тобын құруды талап етеді. Оның сөзінше, іске байланысты видеолар толық емес, кейбірі өшірілген. Оқиға орнынан саусақ іздері де алынбаған.
«Видео жазбаны кім өшірді? Кім қылмысты жасырды? Кім Қайсардың терезедегі қанын сүртті? Кім сол кезде шүртпедегі және терезедегі қол іздерін алғызған жоқ? Тергеуде ол іздер алынбаған. Яғни, екі жыл бұрын дұрыс жасалмаған тергеу үшін кім жауапты солардың барлығына қазір іс қозғалуы керек», – дейді заңгер.
«Өлімнің барлығы суицид немесе менингит деп жабылып жатыр»
Сәуле Тілеубергенова Қазақстанда шындыққа жету мүмкін емес дейді. Сөзінше, елде қол ұшын беретін адам қалмаған.
«Мен жалғыз осылай жүрген жалғыз ана емеспін. Біз өте көппіз. Аналардың барлығы осылай екі-үш жылдан бері әділдік іздеп жүрміз. Біз өз елімізде тұрып жатыр, әділдік таба алмай жүрміз. Оған ешкім көмектесе алмайды. Өлімдердің барлығы суицид немесе менингит деп жабылып жатыр», – деді ол.
Кейінгі кездері Қазақстанда әскерге кетіп, жұмбақ жағдайда қаза болған сарбаздардың өлімі жиіледі. Көп жағдайда билі оны суицид немесе денсаулық жағдайымен байланыстарады. Бірақ оған сарбаздардың ата-аналары сенбейді. Олар марқұмдардың әскерде әлімжеттік көргенін, соққыға жығылғанын жиі айтады.