Ақтөбе облысындағы Кенес Нокин тұрғын ауданында орналасқан мектепте әлі күнге дейін жылу жүйесі қосылмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ата-аналар наразылық білдірді
«Диапазон» басылымының мәліметінше, ата-аналар балалардың сыныпта күртеше киіп отыруға мәжбүр екенін, ал сабақтардың ұзақтығы 30 минутқа дейін қысқарғанын айтады.
- Біз, Благодар орта мектебінің ата-аналары, мектептің жылыту маусымына дайын болмағанына ашулымыз. Жыл сайын бір жағдай қайталанады. Жөндеуге ақша бөлінді, бірақ нәтиже жоқ – көзбояушылық қана. Спортзал да жыл сайын жөнделеді, еденін жұлып, оқу жылының ортасында сырлап, балаларды иіске тұншықтырады. Мектеп директоры 1 қазанда ешкімді ескертпей, өз еркімен жұмыстан кетті. Артында орынбасар қалдырмаған. Бұл қалай болғаны? Балалар бір аптадан бері қысқартылған сабақтармен оқып жүр, жартысы ауруханаға түсті, – дейді ата-аналар.
Әкімдік не дейді?
Білім басқармасының мәліметінше, аталған мектепте 2022 жылы күрделі жөндеу жүргізілген, бірақ жылыту қазандығын ауыстыру жұмысы тек биыл қолға алынған.
- Негізгі қазандық істен шыққандықтан, жаңа қазандық сатып алынды. Қазір оны орнату жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлады басқарма.
Сондай-ақ ведомство 6 қазаннан бастап «Благодар орта мектебінің» директор міндетін уақытша Избагамбетова Мирамгүл Аманжолқызы атқарып отырғанын мәлім етті.