«Саяси тұтқындардың» жақтастары түрмеде парламенттік тексеріс жүргізуді талап етті

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Қамаудағы «саяси тұтқындар» Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның адвокаттары мен жақтастары олардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов түрмеге парламенттік тексеріс жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Түрмеде парламеттік тексеріс жүргізсін»

Тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлының түрме қызметкерлері үстінен жазған шағымын сол қызметкердің өзі қарайтынын айтып, шағымданды. Оның сөзінше, қылмыстық-атқару жүйесінен келген жауаптардың барлығы көшіріп басқандай, бір-біріне айна қатесіз ұқсайды. Ол бұл жауаптардың ешқайсына сенбейтінін айтты.

«Бізді халық сайлаған» деп парламенттегілер отыр ғой. «Халық сайлаған парламентті» рас парламент сайлаған болатын болса, Думан мен Әйгерімнің денсаулықтарына байланысты, бүкіл түрмедегі саяси тұтқындарға байланысты, парламенттік тексеріс жүргізсін», – деді ол.

Депутаттың сауалы, министрдің жауабы

Бұған дейін депутатРинат Зайтов мәжіліске есеп беруге келген ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы жайында сұраған.

«Қызылорда қаласының №60 түзету мекемесінде Мұхаммедкәрім Думан Алмасұлы деген сотталушы бар. Оның не үшін сотталғанын, қалай сотталғанын барлықтарыңыз білесіздер. Мен оған тоқталмай ақ қояйын... Өткенде Ермұрат Сейтқазыұлы сол жігіттің денсаулығына байланысты депутаттық сауал жолдады. Енді келген жауап, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Ол жауаптан сізде хабардар шығарсыз... Мұхаммедкәрім Думан Алмасұлының денсаулығын жабдықталған ауруханада тексертіп алу үшін не істеуіміз керек?», – деген Зайтов.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайтов.

Оған министр Ержан Сәденов сотталушыларды емдеу денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде деп қысқа қайырған.

«Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. Біз қарап көрейік, қандай екенін. Сізге жауап береміз», – деген министр.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов. 

Ал министрдің орынбасары, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы жақсы екенін, қажет медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтқан.

«Бұл сұрақ негізінде денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне кіреді. Дәрігерлер егерде сотталған адамды қай жерге шығарып емдеу керек десе, біз соны қамтамасыз етеміз. Қазіргі уақытта сол мекемеде керекті дәрігерлердің көмегін пайдаланып отыр», – деген Абай Қайырбеков.

Құқық қорғаушылар шағымы

Бүгінгі баспасөз мәслихатында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Думан Мұхаммедкәрім медициналық көмекке мұқтаж деді. Ол оны ауруханаға жатқызуға байланысты өтініштердің барлығы әлі күнге дейін орындалмағанын айтты.

«Мен денсаулық сақтау министрлігіне жаздым. Олар әр қашан оның ем-домын қамтамасыз етеміз деп уәде береді. Бірақ менің түсінгенімше, бұл күзетпен байланысты. Себебі қазір мекеме штаты қысқарып жатыр. Олардың сөзінше, күзет 40-50 адам. Осыған байланысты олар сотталушының стационарда ем алуы кезінде 24 сағат күзетке төрт адаммен қамтамасыз ете алмайды. Олар осындай аргумент айтады. Бірақ бұл шешім емес. Ақыр адамды соттаған екенсіздер. Ол адам мемлекеттің қарауында болса, олар күзетпен қамтамасыз етуге міндетті», – деді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, адвокаттар Ғалым Нұрпейісов пен Айнара Айдарханова және Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы. 

Адвокат Ғалым Нұрпейісов бір апта бұрын Думан Мұхаммедкәрім отырған түрмеге барып келгенін айтты. Оның сөзінше, түрмеге кіріп-шығудың өзі қиын.

«Кешегі күнгі ақпарат бойынша, Думанды емдеу үшін Қызылорда қалалық ауруханасына алып барған. Бірақ бүгін таңертең аурухана қызметкерлері Думаның ол жерде жоқ екенін айтты. Думанды қайтадан мекемеге алып барған болуы мүмкін. Бұндай іс-әрекет «Думан тиісті медициналық көмек алу құқығын пайдаланып отыр» деген жалған пікір қалыптастырудың амалы», – деді ол.

Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім әлі күнге дейін карцерде отыр. Оның бүйрек, бауырына суық тиген. Бауыры ісінген.

«Денсаулық жағдайы туралы айту үшін толыққанды медициналық тексеріс қажет. Бірақ ол оны ала алмай отыр», – деді адвокат.

Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова жеті айдан бері оның түрмеде қажетті медициналық көмек ала алмай келе жатқанын айтты. Жеті ай ішінде денсаулығындағы кішкентай ғана кінәрат, асқынып, үлкен жараға айналған.

«Біз денсаулық сақтау министрлігінен жауап алдық. Олар Әйгерімге мекеме аумағында көрсетіліп жатқан көмек жеткілікті деп есептейді. Оны ауруханаға жатқызатындай ауру белшілері жоқ және екінші бір дәрігердің қорытындысы қажет емес деп санайды. Біз бұнымен келіспейміз», – деді ол.

«Саяси тұтқын» деп танылған журналист пен белсенді

Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылы Қызылордадағы N60 колонияға этаппен жеткізілген. Ол сол уақыттан бері жалғыз адамдық камерада отыр. Журналист қарсылық ретінде түрме киімін киюден бас тартқан. Бірнеше рет аштық жариялаған.

Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Қонаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің соты жабық өткен. Ол істі ашық қарауды талап етіп, бірнеше рет аштық та жариялаған. Іске журналистің шетелде тұратын тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент оны бейбіт, саяси ұйым деп таныған.

Думан Мұхаммедкәрім әкесі Алмас Тілеповпен бірге сот процесі кезінде. Фото: Ашық дереккөзден.

Белсенді Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алу ісі» бойынша төрт жылға сотталған. Ол сол уақытта өзіне тағылған айыпты да, сот үкімін де мойындамаған. Істің саяси астары барын айтқан.

Әйгерім Тілеужан сотта сөйлеп тұр. Фото: Ашық дереккөзден

Құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанды «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады.