18 жастағы жігіт велосипедпен Шымкенттен Меккеге аттанды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

18 жастағы шымкенттік жігіт Ролан Анатоли велосипедпен Меккеге аттанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы Роланның өзі әлеуметтік желіде “күнделік” жүргізіп отырады. Ол Шымкенттен Меккеге 13 қазанда шыққан. Алғашқы күні ол Шұбарсу арқылы Түркістанға жеткен. Сапарының екінші күні қазақстандықтар Роланға көмектескен. 

- Қазақтар қандай бауырмашылмыз иә. Демалып аялдамада отырсам, ауыл ағалары келіп, нанымды, суымды беріп, қалтама ақша салып кетіп, “біз үшін дұғада бол” деді. Бірде-бір жаман адам жолықпайды ғой, – дейді Ролан. 

Роланның сөзінше, ол түнгі уақытта жанармай бекеттерінің қасына шатыр құрып (палатка) ұйықтап алатын көрінеді. Қиындыққа тап болған кездері де болған. 

- Түркістанға 30 шақырым қалғанда балон жарылып, жел қатты соғып, тасжолда қалып қалдым, – дейді ол. 

ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ

Төртінші және бесінші күндері Роланға жолда көмектесіп, батасын беріп, қаржылай көмектескен. Ал алтыншы күні Қызылорда қаласына жеткен. 

- Сегізінші күні Ақтөбеге жетіп келдім. Ақтөбенің ортасымен велосипедіммен жете алмадым. Себебі жол сапасы нашар. Қырғыз ағайындардың көлігімен жетіп алдым, – дейді Ролан. 

Қазіргі уақытта Роланның жолда жүргеніне 17 күн болған. Бүгінде ол Бабаюрт-Махачкала бағытында жүр. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін 65 жасында Ақтаудан Парижге дейін велосипедпен барған қазақстандық ерлі-зайыптының оқиғасы туралы жазған едік.