Алматыда бір топ феминистік белсенді депутаттардың ЛГБТ насихатына тыйым салу бастамасына қарсы баспасөз мәслихатын өткізді. Олар бұндай тыйым – адам құқығы мен сөз бостандығын шектеу деп есептейді. Бір апта бұрын мәжілістегі ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы жұмыс тобына кірген депутаттар тыйым салу нормаларын бір ауыздан мақұлдаған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Белсенділер қарсылығы
Белсенділердің сөзінше, депутаттар көтеріп отырған шектеу нормалары ЛГБТ-ға тыйым салған Ресейдегі заңның көшірмесі. Олар мұның арты қудалау мен қысымға алып келуі мүмкін деп қауіптенеді.
«Жалған ЛГБТ насихаты туралы заң жобасын дереу тоқтату қажет. Қазақстан конституциясын ескеру керек. Атап айтқанда, 12 және 14-бап. Заңдардың мәні мен мазмұнын, билік органдарының қызметін айқындайды. Ешкім шығу тегіне, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне, нанымына немесе кез келген өзгеше жағдайына байланысты кемсітілмеуі тиіс», – деді белсенді Дарима Руслан.
Феминистік белсенді Жанар Секербаева 2014 жылдан бері қысым көріп келе жатқанын айтты. Ол ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылданса қудалау күшеюі мүмкін деп алаңдайды. Оның сөзінше, ЛГБТ мүшелеріне қысым көрген жағдайда құзырлы органдарға шағымданудың өзі қиын.
«Біз соңына дейін күресеміз. Себебі сот бар. Халықаралық ұйымдар мен әріптестеріміз бар. Олармен Қазақстан үкіметі де байланыста. Сосын біз бармыз ЛГБТ қауымдастығы... Біз egov жүйесі арқылы және хат арқылы Қазақстан парламентіне шағымдану жүйесін жасадық. ЛГБТ біздің қоғамның проблемасы емес», – деді ол.
Депутаттар ұстанымы
29 қарашада парламент мәжілісінде ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты жұмыс тобының отырысы өткен. Онда депутаттар шектеу нормаларын бір ауыздан мақұлдаған. Олар бұл ЛГБТ өкілдерін емес, оның насихатына қарсылық деп түсіндірген.
«Сіздерге ешкім тыйым салып жатқан жоқ қой бұл мемлекетте. Өмір сүрулеріңе, сол ориентацияны ұстауларыңа. Бірақ сіздер бүкіл ақпарат құралдарын пайдаланып, жаңағы насихаттау мәселесіне біз тыйым саламыз. Үйлеріңізде не істесеңіздер оны істеңіздер. Бірақ қоғамға шығып, біз осындаймыз, біз мынандаймыз деген әңгімені қою керек», – деген сол уақытта мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Жұмыс тобының отырысында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ЛГБТ-ға тыйым салынатыны туралы Конституцияға жазу қажет деген.
«Конституциямызда дұрыс жазылған. Қазір жаңа конституциялық реформа туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Жаңа Конституцияға Қазақстан ЛГБТ-ны мойындамайды деп жазып қоюды ұсынамын. Еркек бар, әйел бар, болды», – деген депутат.
Жұмыс тобына кірген депутаттар қабылдаған нормаларға сәйкес, ЛГБТ-ны насихаттады деп танылған адамдарға 20 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. ЛГБТ пропагандасына жол бермеу мақсатында денсаулық сақтау, білім беру заңдары мен әкімшілік кодекс сияқты 9 құжатқа өзгеріс енгізу қарастырылған. Бірақ бұл әзірге жұмыс тобының ғана шешімі. Құжат әлі мәжіліс пен сенатта қаралуы қажет. Осыдан кейін қол қоюға президентке жіберіледі.