АЭС-ке қарсы бес белсендінің ісі: апелляциялық сот айыпталушыларды ақтамады

Есдәулет Қызырбекұлы
Алмалы аудандық соты. Процеске айдауылмен жеткізілген белсенділер сотқа қатысып отыр. 17 шілде 2025 жыл.

«АЭС құрылысына қарсы жаппай митинг ұйымдастырмақ болды» деп айыпталып, төрт жылға бостандығы шектелген бес белсендінің шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Қысқарған жаза, алынбаған айып

Алматының апелляциялық соты белсенділер Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковтің шағымын қарады. Олар тамызда шыққан Алмалы аудандық сотының үкімімен келіспейтіндерін айтып, өздерін ақтауды сұраған.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, сот қорғау тарапының уәждерін ескермеген. Тағылған айыпты да, шектеулерді де өзгеріссіз қалдырған. Тек жаза мерзімін 4 жылдан 2 жыл 6 айға қысқартқан.

«Сот қаулысымен келіскен жоқпыз. Қорғауымдағы адамдар «келіспейміз, біздің құқығымыз бар, кассациялық шағым түсіреміз» деді. Енді біз кассациялық шағым дайындаймыз», – деді Ғалым Нұрпейісов Ulysmedia тілшісіне.

Бірінші инстанциядағы сот үкімі бойынша белсенділерге бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынып, пробациялық бақылауға алынған.

Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараков былтыр АЭС салу туралы референдум қарсаңында ұсталған. Оларға қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Айыптаушы прокурор бірінші сатыдағы сот жарыссөзінде барлығын кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Істі қараған Алмалы аудандық соты айыпты 272-баптың 3-бөлігіне саралап, 4 жылға шатты жазаға кескен.

Белсенділердің ешқайсысы өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Олар істің саяси астары барын айтқан.

Референдум

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Бірақ референдумға «станцияны қай елдің компаниясы салғанын қалайсыз?» деген сауал шығарылған жоқ.

Қарсылық

АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқы өткен кезде бірқатар экологтар мен азаматтық қоғам өкілдері қарсы шықты. Олар Совет заманында ядролық сынақ өткен Семей полигоны мен Чернобль АЭС-індегі апатты мысалға келтіріп, АЭС салынады деген Балқаш көлінің алдағы тағдырына алаңдаған. Наразылар атом электр станциясын «Росатом» салатын болса, ол Қазақстанның Ресейге саяси және энергетикалық тәуелділігін арттырады деген.

Ресей мен Қытай салатын АЭС

Кейіннен Қазақстан үкіметі алғашқы атом электр станциясын салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясы болатынын айтты. Жақында АЭС салынады деп белгіленген Алматы облысындағы Үлкен ауылынан топырақ сынамалары алынған.

Екінші АЭС-ті салуға байланысты консорциум көшбасшысы болып Қытай таңдалған. Әзірге екінші атом электр станциясының құрылысы қашан басталатыны белгісіз.