Америкалықтар асырап алған қазақ баласы ата-анасын іздеп жүр

Сырым Қаржас
фото: instagram.com/p_sardar_b

Пол Сардар Бэбкок – кішкентай кезінде америкалық отбасы асырап алған этникалық қазақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Полды 2000 жылы 11 айлық кезінде асырап алған, деп жазады el.kz. Америкалық ата-анасының өзінен туған бесеу, сондай-ақ асырап алған бес баласы бар. Олардың ішінде үшеуі – Қазақстаннан, екеуі – Тайваннан. Отбасы АҚШ-тың Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында тұрады.

Полдың айтуынша, ол биологиялық ата-анасын іздеуге тек 2020 жылы кірісе бастаған. Оған дейін ол өзінің қазақ екеніне мән бермеген.

– Мен қазақ екеніме мақтанбайтынмын, өйткені оның нені білдіретінін түсінбейтінмін. Тіпті достарыма «Мен қытаймын», «гавайлықпын» деп өтірік айтатынмын. Бірақ 2020 жылы биологиялық отбасымды іздеуге ішкі ықылас пайда болды. Қазір іздеу баяу жүріп жатыр. Менде асырап алу туралы құжаттар бар, онда биологиялық ата-анамның есімдері көрсетілген: Эльмира Қалмаханбетқызы және Бекнұр Баймаханов.

2023 жылы Таразға келгенімде және 2025 жылдың наурызында тағы барған кезде ата-анамды іздедім, архивтен өзіме және биологиялық отбасым туралы жазбаларымды сұрадым. Екі жағдайда да маған қолжеткізуге рұқсат бермеді, бұл өте қиын әрі көңіл құлазытатын жағдай болды. Бірақ мен іздеуді жалғастырып келемін, – деді ол.