Несиеге азық-түлік алған халық. Қымбатшылық азаматтардың табысына қалай әсер етті?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Үкімет азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға уәде бергенімен, базарлардағы баға шарықтап тұр. Ресми статистика бойынша, қарашаның алғашқы екі аптасында әлеуметтік маңызы бар тауарлар 0,1 пайызға қымбаттаған. Бүгін Ulysmedia тілшісі Алматыдағы Көк базарға барып, азық-түлік бағасын біліп, саудагерлер және тұтынушылармен сөйлесті.

Азайған сауда

21 қараша, жұма күні болғанына қарамастан, базарда сауда жасаған адамдардың қарасы аса көп емес. Сатушылар сөрелердегі тауарларын реттеп, сөйлесуге зауқы жоқ екендерін айтты. Аты жөнін айтпаған сатушылардың бірі ет бағасының қымбаттауына байланысты сауда бұрынғымен салыстырғанда әлде қайда төмендегенін айтты.

«[Еттің] қымбаттағанына алты ай болды. Жақсы сиыр еттері 4500-4800 теңгеден. Жылқының еті 4300 теңге. Адамдар алып жатыр. Бұрынғымен салыстырғанда 50 пайызға азайды», – деді Алматы «Көк базарындағы» ет сатушы

Тағы бір сатушы ет бағасының қымбаттауына саудагерлердің қатысы жоғын айтты. Оның сөзінше, еттің келісін бес мың теңгеден алып, үстіне бес жүз теңге қосып сатып отыр. Бағаның өсуіне еттің шетелге шығарылуы себеп.

«Еттің бағасы 5500 теңге. Алуы 5000 мың. Сонда қанша болады. 500 теңгеге қымбаттады. Сауда ақырындап жүріп жатыр», – деді ол.

Алматыдағы “Көк базар” Фото: Ulysmedia

Үкімет уәжі

Үкімет еттің қымбаттауын әлемдегі нарықпен байланыстырады. Көрші елдерде бағаның едәуір жоғары болғаны Қазақстанға да әсер етті дейді үкімет. Қазақстандағы өнім солай қарай тасымалданып, нарықта сұраныс артқан.

Үкімет баспасөз қызметінің есебінше, көкөністер бағасы төмендеген. Бірақ бұл маусымдық құбылыс. Базарда картоп бағасы бұрынғымен салыстырғанда қымбаттаған. Алматыда картоп қала ішіндегі дүкендерде 230-250 теңгеден саудаланса, базарларда 185 теңгеден сатылып жатыр. Алма Көк базарда келісі 300 теңге болса, дүкендерде 400-500 теңгеден сатылуда.

Бұған дейін сауда вице-министрі Айжан Бижанова картоп бағасының 4,5 пайызға өскенін растаған. Ол қымбаттауды картоптың шетелге экспортталуымен түсіндірген.

«Екі айда картоп экспорты 300 мың тонна болды, ал жақын уақытта жасалатын экспорттық келісімшарттардың жалпы көлемі — шамамен 200 мың тонна. Осылайша, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін белгіленген 500 мың тонна жоспарлы шекке жақындап қалдық, — деген 18 қарашада  Бижанова.

Экономист, Мақсат Халық. Фото: inbusiness.kz

Тауар не себепті қымбаттады?

Экономист Мақсат Халық тауарлардың қымбаттауын инфляция, тарифтердің өсуі, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы және салық саясатының өзгеруімен байланыстырады. Оның сөзінше, осы факторлардың барлығы жиналып келіп, халықтың төлем қабілеттілігін төмендеткен.

«Бірінші кезекте қазір инфляцияның шектен тыс асып кеткенін көріп отырмыз. Қарқынды инфляция, екі таңбалы инфляцияны көріп отырмыз. Жоспар бойынша, ол он пайыздан төмен болуы керек. Ресми инфляцияның өзі он үш пайыз. Бейресми инфляция ол түсінікті, егер нарықты есепейтін болсақ, көптеген тауарлардың бағасы екі есе, үш есеге дейін қымбаттаған. Сондықтан азаматтарымыздың төлем қабілеттілігі нашарлап жатқанын көреміз. Бұған не себеп? Бірінші кезекте өткен жылдан бастап тарифтердің өсуін жолға қоя бастады. Ол өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да, азық-түлік тауарларының қымбаттауына да әсерін тигізіп жатыр. Екінші кезекте, жанармай бағасының қымбаттауы. Одан кейін ең үлкен мәселе салыққа байланысты. Ол НДС-тың пайызын көтеру. Көп азаматтар айтады, ол келесі жылдан бастап өседі ғой, оның қандай қатысы бар деген сияқты. Бірақ үлкен компаниялар бірден сақтық шарасын қолға алып, НДС өседі деген кезде тауарларының бағасын қымбаттатты. Не үшін? Себебі келесі жылға дайындалу үшін», – деді ол.

Мақсат Халықтың сөзінше, тауарлардың қымбаттауының тағы бір себебі елдегі ақша массасының ұлғайуымен байланысты. Кейінгі жылдары нарықта ақша массасы ұлғайып, тауарлардың көлемі айтарлықтай өспеген.

Алматыдағы “Көк базар” Фото: Ulysmedia

«Несиеге азық-түлік алып жүрміз»

Ulysmedia тілшісі сөйлескен алматылықтардың барлығы дерлік азық-түлік бағасының қымбаттағанын айтты. Солардың бірі – Гүлнара Дараева. Ол зейнетақым азық-түлік алуға әрең жетеді дейді.

«Өзім зейнеткермін. Зейнетақым жетпейді. Қазір алғаным осы, бес мың жұмсап шықтым. Мен қазір көкөніс алтым. Ет мүлде, ет жемейтін болдық. Зейнетақыдан, зейнетақыға әрең жетемін ғой. Кейде жетпей қалады», – деді ол.

Ulysmedia тілдескен тағы бір Алматы тұрғыны етті несиеге сатып алғанын айтты.

«Мүлде жеткізе алмаймын зейнетақымды. Міне, кеше тағы несие алып, бүгін етті алып кетіп бара жатырмын. Қазір барлығы қымбаттады. Әсіресе, тамақтар. Киім онша алмаймыз да ғой енді», – деді ол

Қарашаның басынан бері тауық жұмыртқасы мен құс еті де қымбаттаған. Базарда тауық еті (окорочка) 1400-1500 теңгеден. Тауық жұмыртқасы Көк базарда 85-90 теңгеден сатылып жатыр.

Президенттің тапсырмасы, үкіметтің «дағдарысқа қарсы шарасы»

14 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке экономикалық реформалар «халыққа ауыр әсер етпеуі үшін» шұғыл шараларды қолға алуға шақырды. Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметі сол күні «дағдарысқа қарсы шаралар» тізімін жариялады. Арасында әлеуметтік маңызы бар тауарларды «арзандату» шаралары да бар. Үкімет «отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе арттырып, тұрақтандыру қорларының жұмысын белсенді ете түсетінін» мәлімдеді.

«Себеппен емес, салдармен күрес»

Мақсат Халық үкіметтің қабылдаған шаралары себеппен емес, салдармен күрес дейді. Сөзінше, үкіметтің кейінгі жылдардағы қаржы саясаты осы қымбатшылыққа, инфляцияның өсуіне алып келген.

«Бізде ЖІӨ жан басына шаққандағы көрсеткіші он төрт мың доллар болды деп айтып жатыр. Бұрын соңды ондай болмаған деп. Бұл негізі табысы орташадан жоғары елдердің көрсеткіші. Бірақ та, неге екені белгісіз соңғы статистикаға қарағанда, халықтың нақты табысы минус екі дәрежеге дейін құлаған. Бұл ресми статистика. Сонда біз жалпы экономикада ЖІӨ өсімі алты пайыздан асып, өсім болып жатыр дейміз. Бірақ халықтың табысы кері кетіп жатады. Үлкен бір парадокс болып жатыр. Оның бірден-бір себебі біздегі мынау алты пайыздың үстіндегі экономикалық өсім ол бағалық өсімнің нәтижесінде ғана қол жеткізіліп отырған өсім. Яғни, тауарлардың бағасының өсуі нәтижесінде ғана қол жеткізіліп отырған өсім... Энгель заңы деген бар. Ол жерде азаматтар азық-түлікке табысының елу пайызын жұмсаса, ол кедей ел деп саналады. Бұл көрсеткіш бойынша біз әлі сол күйінде қалып отырмыз. Халықтың табысының елу-алпыс пайызы осы азық-түлік шығындары болып табылады. Демек, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлі табысы орташа елдер қатарына қосылған жоқ», – дейді Мақсат Халық.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке 2029 жылға дейін Қазақстан экономикасының көлемін 450 миллиард долларға жеткізуді тапсырған.

«Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз», – деген Тоқаев сол уақытта үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде.