Алматылық қыз арман қуып Қазақстан азаматтығынан бас тартты

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Алматыда өскен 33 жастағы Евгения бала күнінен Америкада тұрып, жұмыс істегісі келгенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Евгения 2010 жылы оқу үшін Канадаға көшіп кеткен. АҚШ-пен салыстырғанда Канада оған қауіпсіз әрі қолжетімді ел болып көрінген. Көшуге дайындық бірнеше айға созылып, ол университет таңдап, IELTS тапсыруға дайындалған.

Жас қыз жаңа елдегі алғашқы жылдың өте қиын өткенін еске алады. Бірақ уақыт өте келе достар тауып, оқу мен жұмысқа бейімделудің жолын тапқан.

АЗАМАТТЫҚ

ZTB мәліметінше, Евгения тұрақты тұруға рұқсатты федералды бағдарлама бойынша жоғары балл жинап алған. Ал азаматтықты COVID-19 пандемиясы кезінде онлайн рәсімдепті — бұл оның он жылдық жолындағы ең маңызды сәттердің бірі болған.

Қазақстан азаматтығынан бас тарту Евгения үшін эмоционалды шешімге айналған. Ол бұл қадамды өзінің өткен өмірімен қоштасу деп сипаттайды.

- Бұл паспорт — жай ғана құжат емес, менің болмысымның бір бөлігі. Одан бас тарту өткендегі “сол Женямен” қоштасқандай болды. Бұл тіпті отбасы мүшесімен қоштасуға ұқсас сезілді. Қазір басқа паспорт ұстап жүргеніме кейде өзім де сенбеймін. Бірақ бір нәрсені нақты білемін: Отан — бұл құжат емес. Бұл — адамдар, естеліктер мен тамырларымыз. Мұны менен ешкім тартып ала алмайды, — дейді ол.

Қазір Евгения ересектерге арналған онлайн ағылшын мектебін басқарады. Ол эмигранттарға және Канадаға жаңа қоныс аударған адамдарға тіл үйренуге көмектеседі.