Ақмола облысында жер заңсыз сатылып, тергеу әділетсіз жүрген - үндеу

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ақмола облысында Қостомар ауылындағы жер мәселесіне байланысты 75 Қазақстан азаматы мәжіліс депутаттарына үндеу жасап, көмек сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Көмек сұраған 75 қазақстандық азаматтың өтінішінің мәні — жер телімдерін заңсыз сату және кейін мемлекеттік органдар тарапынан әділетсіз тергеу жүргізу оқиғасы бойынша әділдікті қалпына келтіруді сұрау.

2003 жылдан бастап «РКЦУК» қоғамдық ұйымының төрағасы Ахметжан Бакримұлы Шардинов Ақмола облысынан 50 гектар жер сұрап, 2008 жылы аудандық жер комиссиясының шешімімен 25,76 гектар жер телімі ұйымға бөлінген. Кейін бұл жерлер 2010–2013 жылдары ұйым атынан 247 азаматқа коттедж қалашығын салу үшін сатылған.

- Біз барлық заңды құжаттарды, мемлекеттік актілер мен жоспарларды көріп, сеніп, өз қаражатымызды салдық. Алайда 2013 жылы Аршалы аудандық прокуроры бұл мәмілелерді заңсыз деп танып, сот шешімімен (28 мамыр 2013 ж., Көкшетау қаласының мамандандырылған экономикалық соты) жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Осыдан кейін біз 13 жылдан бері әділдік іздеп, бар есікке жүгіндік, – дейді үндеу жолдаған азаматтар. 

Олардың сөзінше, басты ұйымдастырушы — Шардинов Ахметжан Бакримұлы мен оның бірінші орынбасары Тохтибаев Мұрат — заңсыз жер сату әрекеттерін жүргізгенімен, қазір тергеу органдары оны жауапкершіліктен босатуға тырысуда.

Аршалы аудандық полициясы мен прокуратурасы тергеу барысында жәбірленушілерге қысым көрсетіп, құжаттарды заңсыз тәркілеп, кейбір азаматтарға (соның ішінде қарт әйел Жиржисова Райгүлге) қоқан-лоққы қылған.

ХРОНОЛОГИЯ

Үндеу жолдаушылар оқиға хронологиясын жариялады. 2003 жылы «РКЦУК» қоғамдық ұйымының төрағасы Ахметжан Шардинов Ақмола облысынан жер сұрап, өтініш бере бастайды. Ал 2006–2008 жылдары Шардинов Ақмола облысы мен Аршалы ауданы әкімдіктеріне қайта-қайта өтініш жасап, 50 га жер сұраиған. 

2008 жылы Аршалы аудандық жер комиссиясы шешім қабылдап, 25,76 га жер ОО «РКЦУК»-ке беріледі. Екі жылдан кейін, яғни 2010 жылы Булақсу ауылдық округінің әкімі Жарасов пен Шардинов арасында жерді 5 жылға жалға алу туралы келісім жасалады. 

Үш жыл бойы (2013 жылға дейін) «РКЦУК» атынан 247 азаматқа Қостомар ауылынан жер сатылады. Сату Тохтибаев Мұраттың сенімхат арқылы жүргізгені көрсетілген. Сол жылы Аршалы аудандық прокуроры жердің заңсыз бөлінгенін айтып, сотқа талап арыз береді. 28 мамыр 2013 ж. Көкшетау қаласының соты жерлерді мемлекетке қайтарады.

Ал 2014 жылы құрылыстар тоқтайды, тұрғындар зардап шегеді. 2015 жылы келесі сот шешімі бойынша ұйым жетекшілері кінәсіз деп танылып, азаматтар залалын өтей алмай қалады.

2015-тен 2024 жылға дейін азаматтар түрлі сот және прокуратура органдарына жүгінеді, нәтиже болмаған. 

Былтыр Шардинов Ахметжанға қатысты ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігімен іс қозғалады (алаяқтық). Ал биыл тергеу барысында полиция қызметкерлері мен прокурорлар тарапынан қысым, құжаттарды заңсыз алу фактілері орын алды.

Қазіргі уақытта 75 жәбірленуші азамат істің әділ қаралуын сұрап, ҚР Президентіне ресми түрде өтініш жолдады.

КӨМЕК

Үндеу жасаған азаматтар бірнеше мәселе бойынша көмектесуді сұрады. Олар:

  1. Қостомардағы жер мәселесіне байланысты қылмыстық істі әділ жүргізуді қамтамасыз етуді;

  2. Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне прокурорлық тексеру жүргізуді;

  3. 13 жыл бойы зардап шеккен азаматтардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруге көмек сұрады. 

ҮНДЕУ КІМГЕ ЖОЛДАНДЫ?

75 қазақстандық азамат үндеуін мәжіліс депутаттары Дәулет Тұрлыхановқа, Асхат Аймағамбетовке, Абзал Құспанға, Үнзила Шапаққа, Бақытжан Базарбекке және Ермұрат Бапиге жолдаған.