Қариннің «қызыл сызығы» қысымды күшейтті ме?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда кейінгі уақыттары «араздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылып, сотты болған белсенді, блогер, журналистердің саны көбейді. Осы тұста мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Казахстанская правда» газетінде «Политика здравого смысла» мақаласы жарық көрді. Онда саясаткер тіл, дін, сыртқы саясат және ұлтаралық қатынас мәселесінде «қызыл сызық» түсінігі барын айтып, осыған қатысты ойымен бөлісті. Мемлекеттік хатшы айтқан «қызыл сызық» сөз бостандығы мен ой еркіндігін шектеуге алып келмей ме? Бұл мемлекеттің іші саясаттағы бақылауын қатаңдату емес пе? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«Қызыл сызық» пен үндеу

27 қарашада «Казахстанская правда»  сайтына мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Политика здравого смысла» мақаласы жарияланды. Онда Қарин «қызыл сызық» сөзін тағы да қайталады. Ол бұл жөнінде былтыр «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында да айтқан. Мемлекеттік кеңесші қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын «қызыл сызық» (Redline) барын айтқан.

«Жалпы, ұлтаралық қатынастар, дін, тіл және сыртқы саясат сияқты сезімтал тақырыптардыталқылауда эмоцияға беріліп,  кәсіби талаптарға сай емес талқылау кез келген қоғамда әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудырады. Сондықтан да өткен жылы мен осы «қызыл сызықтарды» белгілеп, бәрін оны сақтауға шақырдым. Тағы да қайталап айтамын, бұл — цензура немесе тыйым емес, мұндай талқылауларда парасаттылықты сақтауға үндеу», – деп жазды Ерлан Қарин «Казахстанская правда» сайтына жарияланған мақаласында.

«Араздық қоздыру» айыбымен істі болғандар

Кейінгі бірнеше айда Қазақстанда 174-бап «араздық қоздыру» бойынша  қозғалған істердің барлығы дерлік қоғам назарын өзіне аударды. Солардың бірі – ТикТок желісінде Ресей президенті Владимир Путинге қарата үндеу жасап, Қазақстаннан жалға алған жерледі қайтаруды талап етіп, ашаршылық жылдары қазақтардың көрген қиындығы туралы айтқан сыни пікірлері үшін жауапқа тартылған солтүстік қазақстандық белсенді Жансұлу Дархамбаеваның ісі. Сот оны аяғы ауыр болуына қарамастан екі жылға бас бостандығынан айырды. Түрмеде босанып, оның арты  қоғамдық резонансқа ұласқан соң сот істі қайта қарап, Жансұлуды босатуға шешім шығарды. Бірақ оның айыптау үкімі күшінде қалды. Балалы болуына байланысты түрме жазасын екі жылдан соң ғана өтеуі тиіс деген тоқтамға келді.

Бұдан бөлек, белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлы Алматыдағы қоқыс тазалайтын мекемелердің бірінде мекеме басшысымен арада болған қазақ тіліне қатысты кикілжіңге байланысты сотқа тартылып, 174-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қытайға жүк көлігін айдап барып, ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген 18 адамның үстінен 25 қарашада «алауыздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сәуірде Алматы соты Qaznews24 сатиралық парағының авторы Темірлан Еңсебекті де «араздық қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға шартты жазаға кескен. Оған журналистік, құқық қорғау және саяси қызмет, волонтерлік және қайырымдылықпен айналысуға, бейбіт жиындарға қатысуға тыйым салынған.

Еңсебектің үстінен қылмыстық іс қозғауға 2024 жылғы 21 қаңтарда өзі жүргізетін пабликте «орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын» тректі жариялауы себеп болған. Ол «Йоу, орыстар» деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері бұл істердің барлығының саяси астары барын айтқан. Сотталушылардың өздері оны саяси қудалау деп атаған. 174-бапты құқы қорғаушылар саяси бап деп те атайды.

Фото: ашықдереккөзден

«Қызыл сызықты заң емес, билік өзінің ыңғайына қарай анықтайды»

Саясаттанушы Дос Көшім кейінгі кездері ұлттық мәселеде билік тарапынан белгілі бір дәрежеде қатаңдық бар дейді. Оның сөзінше, Ерлан Қарин айтқан «қызыл сызықты» заң емес, билік өз ыңғайына қарай анықтайды. «Қызыл сызықтың» шегі қай жерде екені белгісіз. Оның қайсысы қылмыс, қайсысы қылмыс емес екені нақты көрсетілмеген.

«Біздің сот биліктің қол астында, білеміз. Демек билік оны қалай қолданғысы келсе, солай қолданады. Сарапшыларға сондай тапсырма беріледі, сотқа сондай тапсырма беріледі. Әңгіме 174-бапта емес, әңгіме сол бапты қолданатындарда. Сондықтан қызыл сызықты сол Қариндердің өздері белгілейді. Қызыл сызық, демек, биліктің өзінің сызып беретін қызыл сызығы. Заңның сызып беретін қызыл сызығы емес. Жалпы ұлттық мәселеде соңғы уақытта қатаңдық бар. Бірақ өкінішке орай, сол қатаңдықты қазақ тілді азаматтарға басым қолдану бағытында көріп отырмыз», – дейді ол.

Қазақстанда қазақтар мен мұсылмандарға тіл тигізген азаматтардың да жауапқа тартылған кездері бар.  Қарашаның басында Қарағанды соты Threads платформасында қазақтар мен мұсылмандарға тіл тигізген 22 жастағы Алика Мұхамадиеваны «ұлтаралық және діни араздықты қоздырғаны үшін» айыпты деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сот Мұхамадиеваның екі жасар баласы барын, айыпталушының сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өз ісіне шын жүректен өкінгенін ескеріп, оның жаза өтеу шарасын кейінге қалдырды.

Сол уақытта сот үкімін қоғам әртүрлі қабылдаған. Бірі айтқан сөзі үшін жазасын алды десе, енді бірі үкімді бұған дейін осы бап бойынша сотталған белсенділердің істерімен салыстырып, тым жеңіл екендігін айтқан.

Фото: Мәжіліс

«Қылмыстық саясаттың қатаңдауы»

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да бұл бағытта мемлекет саясаты қатаңдады деген пікірмен келіседі. Ол мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің ұлтаралық қатынастар, дін, тіл және сыртқы саясатқа қатысты «қызыл сызық» туралы айтқаны елдегі «қылмыстық саясаттың қатаңдауының» көрінісі дейді. Оның сөзінше, бұған Ресейдегі жағдайлар да әсер еткен болуы мүмкін.

«Шет-жағасын естіген әңгімем, Ресейде қазақтарға қарсы мәлімдемелердің барлығына тыйым салу туралы Ресей жағы міндеттеме алған. Қазақстанда дәл осындай ұлттық мәселелер, оның ішінде Ресейге қарсы немесе басқа да ұлттарға қарсы «әркім өзінің тентегін өзі тыйуға» байланысты келісімге қол жеткізілген сияқты. Бірақ нақты құжатқа қол қойылды деп айта алмаймын», – дейді депутат.

Абзал Құспан «араздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылып, жауапқа тартылып жатқан адамдардың ісін қадағалау қажет дейді.

«Қазір біз істі болып, қамалып жатқан немесе үкім шығып, сотталып жатқан адамдармен ғана шектелмеуіміз керек. Біз болашақта да осындай жағдайлар болмау үшін осы бағытта жан-жақты ақпараттар таратылған дұрыс деп ойлаймын. Мирболат Мырзатайұлының үкімін және іс бойынша тағайындалған барлық сараптамаларды алдыртып, соны зерттеймін деп өзіме қойып қойғанмын. Ол туралы хабардар ететін боламын», – дейді ол.

Фото: newreporter.org

Қорқыту риторикасы

Медиа сарапшы, factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов Ерлан Қаринның «қызыл сызық» туралы айтқаны демократия принциптеріне, адам құқығы мен сөз бостандығына қайшы деп есептейді. Ол мұны қорқыту риторикасы дейді.

«Күні кеше біз Қазақстанда ЛГБТ пропагандасына тыйым салуға қатысты жұмыс топтарының отырысы болған кезде, пікірталастар болған кезде, тіпті депутат Еділ Жаңбыршин өзі де өте өрескел өшпенділік тілдерін туғызатын немесе өшпенділік тілдерін ретрансляциялайтын жағдайларды көрдік. Бұл жағдайлар «жабулы қазан жабулы күйінде қалды». Егер де «қызыл сызық» бар екенін айтып, оны іске асыратын болса, бұл да қандай да бір әлеуметтік топқа қарата айтылған сөз. Осы кісілердің «қызыл сызықтан» өтіп кеткенін айтуы керек еді», – дейді Думан Смақов.

Ерлан Қаринге дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет деген.

Қазақстанда былтыр ұлт араздығын қоздыру бабымен 111 қылмыстық іс қозғалған. Елде 174-бап төңірегінде дау көп. Құқық қорғаушылардың сынына қарамастан, Қазақстан билігі елде саяси қысым мен қудалау жоқ деп есептейді.