«14 жылға созылған бітеу жара»: Жаңаөзен ақиқаты ашылды ма?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Осыдан 14 жыл бұрын Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция бірнеше ай бойы еңбек шартын жақсартуды талап еткен мұнайшыларға оқ атты. Ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан. Бұған дейін құқық қорғаушылар опат болғандар саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтқан. Оқиға куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер «жауапқа тартылмады» деген. Осыған байланысты бүгін Ulysmedia  «Жаңаөзен оқиғасының ақиқаты ашылды ма?», «Шын кінәлілер жауапқа тартылды ма?» деген сұраққа жауап іздеп, депутаттар мен құқық қорғаушы, саясаткерлердің пікірін білді.

«Құқық қорғаушыларға хабарласыңдар»

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ulysmedia-ның «14 жылда Жаңаөзен оқиғасының ақиқаты ашылды ма?» деген сұрағына нақты жауап бере алмады.

«Сонымен [Жаңаөзен оқиғасымен] айналысқан құқық қорғаушылар мен зерттеген мамандарға хабарласыңдар», – деді ол.

Еділ Жаңбыршин «14 жыл бойы Жаңаөзен оқиғасына қатысты құжаттармен таныспадыңыз ба? Оған қызығушылық танытпадыңыз ба?» деген сұраққа берген жауаптарын жариялауға қарсылық білдірді. Тіпті тілшінің өзін таныстырып, пікір алу үшін хабарласып тұрғанын айтса да, өзінің айтқан сөздерін жариялауға келісім бермейтінін айтты. 

Мәжіліс депутаты, Еділ Жаңбыршин. Фото: parlam.kz

«Жаңаөзен оқиғасының шындығы әлі күнге дейін қоғамнан жасырылып отыр»

Жаңаөзен оқиғасынан кейін «әлеуметтік араздық туғызу», «конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге үндеу», «қылмыстық топ құру» баптары бойынша кінәлі деп танылып, жеті жарым жылға сотталған саясаткер, сол уақыттағы «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі  Владимир Козлов Жаңаөзен ақиқаты ашылмады деп есептейді. Оның сөзінше, бұл жүйедегі құрылымдық мәселе.

«Жаңаөзен – биліктің наразылыққа қалай қарайтынының жүйелі мысалы. Назарбаев – Жаңаөзен2011, Тоқаев – Қаңтар 2022... Егер бір нәрсе өзгерген болса, онда ол өзгеріс жақсы жаққа емес.Жаңаөзен ақиқатының ашылуына Қаңтар ақиқатының ашылуы кедергі келтіреді», – дейді ол.

Саясаткер, Владимир Козлов. Фото: forbes.kz

Владимир Козловтың сөзінше, Жаңаөзен оқиғасына байланысты тергеу бастапқыда шынайы жүрген. Бірақ кейіннен ол мүлде басқа бағыт алған. Ол сол кездегі тергеуді былай деп сипаттады:

«Үкіметтің бұл қылмысты объективті түрде тергеуден жалтаруының өзі көп нәрсені аңғартады. Жаңаөзен оқиғасының шындығы әлі күнге дейін қоғамнан жасырылып отыр. Мен 2012 жылдың ақпан айында ҰҚК тергеу абақтысында отырған кезімде-ақ бас прокурорға тергеу жауап беруі тиіс сұрақтардың тізімін жазып, жолдаған едім. Бірақ оған ешқандай жауап та, істі шынайы бағытта тергеу де болған жоқ. Бастапқыда тергеу шын жолмен жүргені анық еді: тергеу кезінде маған бейнежазбалар көрсетті, онда жаңа арнайы киім киген адамдардың басқаларды полицияға қарсы айдап салғаны анық көрінетін. Соларды тануды сұрады, бірақ олардың арасында мен танитын мұнайшылар болған жоқ. Сондай-ақ картечьтен зақымданған полиция қалқандары мен қандай да бір қару-жарақ — ескі аңшы мылтықтары көрсетілді. Алайда кейін арандатушылар бейнеленген видеолар да, қалқандар да істен ғайып болды. Тергеудің жоғары жақтан басқарылып отырғаны айқын еді».

Владимир Козлов 2016 жылы түрмеден мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шыққан. Үш жылдан кейін, 2019 жылы отбасымен бірге Украинаға көшіп, Қазақстандағы адам құқықтарының тапталып жатқаны жөнінде жазатын Kuresker.org сайтын құрған. Бірнеше сыни материалдан кейін бұл сайт Қазақстанда бұғатталған. 

Мәжіліс депутаты, Самат Мұсабаев. Фото: parlam.kz

«Шындық бір күні болмаса, бір күні ашылады»

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев та Жаңаөзен оқиғасының ақиқаты ашылмады деп есептейді. Оның сөзінше, оқиғаға байланысты толыққанды тексеру жұмыстары жүрген жоқ.

«Сол кездегі Қазақстан билігі сол уақытта тексеріс жасаған жоқ. [Жаңаөзен оқиғасының] себебімен де, салдарымен де, не үшін болды, әлі анық емес қой. Кім ұйымдастырды, кім жасады, қанша адам қайтыс болды, не үшін болды? Мұнайшылар мен Жаңаөзен халқы ғой тек көтерілген. Ешқандай тексеріс болған жоқ. Кілең құрылыс компанияларын тексеріп кетті», – дейді ол.

Депутат шындық түбі ашылады дейді. Сөзінше, сол уақытта жауапты қызметте болған адамдардың барлығы елде жүр.

«Тарихта енді шындық бір күні болмаса, бір күні ашылады деп ойлаймын. Не үшін болды? Кім ұйымдастырды? Қалай болды? Сол кездегі адамдардың барлығы тірі ғой. Облыстың әкімі бар. ДВД-ның бастығы бар. КНБ-ның бастығы бар. Антикордың бастығы бар», – деді Самат Мұсабаев.

2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар жеті ай бойы жалақы мәселесін көтеріп алаңда тұрған. 16 желтоқсанда жергілікті әкімдік концерт ұйымдастырып, оның арты бүлікке ұласқан. Бейбіт ереуілшілерге оқ атылып, ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.