Кешелі бері Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында қазақ тіліне қатысты болған дау әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қазақстанда тілге қатысты дау бұған дейін де бірнеше мәрте болған. Ulysmedia осыған байланысты әлеуметтік желі мен 2Gis платформасындағы қарсылық пен бұған дейін елде болған тілге қатысты дауларға қысқаша тоқталуды жөн көрді.
Даулы видео
23 желтоқсанда Бақытжанов есімді Threads қолданушысы желіге Gusto мейрамханасының әкімшілігімен болған қазақ тілі жөніндегі дауға қатысты видео жариялады.
«Бұл жерде ешкімнің қазақ тілінде сөйлемеуі проблема ма не?» Осы сөзді мен Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасының әкімшілігінен естідім. Әкімшісінің есімі — Елена. Мен өте сабырлы түрде бір ғана сұрақ қойдым: мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма деп. Жауап ретінде — боқтық, қорлау жәнеде кейін артынан мынадай да сөздер айтылды: — «Мен КСРО-да туғанмын және қазақ тілінде сөйлеп, қызмет етуге міндетті емеспін. Маған қазақ тілі керек емес», – деп жазды автор.
Мейрамхана жауабы
Gusto мейрамханасының әкімшілігі дауға қатысты пікір білдірді. Мейрамхана үш тілде қызмет көрсететінін мәлімдеді.
«Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының заңдарын және мемлекеттік тілді құрметтейді. Біз қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериал қосымша зерделеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады», – деді мейрамхана әкімшілігі.
Facebook/ Zhalgas Yertay
«Айыппұл салу тетігін заңға енгізу керек»
Желі қолданушылары Gusto мейрамханасының менюі делінген суреттер жариялап, қызмет көрсету тек орыс және ағылшын тілінде екенін айтуда.
Тіл мәселесін көтеріп жүрген кәсіпкер және азаматтық белсенді Жалғас Ертайдың сөзінше, қазақша қызмет көрсетуден бас тартқандарға, қазақша ақпараты жоқ компанияларға айыппұл салу тетігін заңға енгізу керек.
«Бірінші рет - ескерту айтып, бірден 30 мың теңге, екінші рет қайталанса, 300 мың теңге төлесін, үшінші рет болса, 3 млн теңге айыппұл. Сол кезде ертесіне-ақ кез келген қызмет көрсету орны қазақша қуана-қуана қызмет көрсете бастайды. Ал қазір әкімдік ондай компанияға тек ескерту айтумен шектеледі. Мемлекеттік тілін қорғай алмайтын биліктің болашағы – бұлыңғыр», – дейді ол.
Тілге қатысты даулы кейстер
Statsnet.co сайтындағы деректерге қарағанда, «Gusto food g Beverage»
(Густо фуд бевериж) жауапкершілігі шектеулі серектестігі 2022 жылы тамызда тіркелген. Бас директоры Виктория Минакова.
«Gusto food g Beverage» ЖШС-ның 2025 жылдық табысты бағалау шкаласы – 585 384 625 теңге. Компания 2022 жылы – 1 226 281 теңге, 2023 жылы – 19 633 426 теңге, 2024 жылы – 28 650 408 теңге, 2025 жылы – 11 946 625 теңге салық төлеген.
Қазақ тіліне қатысты даулар бұған дейін де болған. Олардың ішінде қоғамда үлкен резонанс тудырған Magnum, Qazaq Coffee, Chocofamily Holding кейстері бар.
Сәуірдің басында Magnum супермаркетінің қызметкері онлайн тапсырыс берген клиетінен қазақ тілінде сөйлеуді сұрағанынан кейін жұмыстан шеттетілуі қоғам наразылығын оятты. Оның арты әлеуметтік желілерде #БойкотМагнум хэштегімен супермаркетті «кәнсілдеу» насихатына ұласқан. Дау тараптардың татуласуымен аяқталған.
2022 жылы қазанда Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушы қазақстандық кәсіпкер Рамиль Мухоряпов елге келген Ресей азаматтары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанда орыс тілін біле тұра қазақ тілінде сөйлегендерді сынап, мұны «ұлтшылдық пен мәдениетсіздіктің белгісі» деп атаған. Кәсіпкер сөзін желі қолданушылары қатаң сынға алып, компанияның қызметін пайдаланудан бас тарту науқаны да басталған. Ізінше кәсіпкердің кешірім сұраған видеосы жарияланып, компания өкілдері жыл соңына дейін сервистерін қазақшалауға уәде берген.
Ал Qazaq Coffee төңірегіндегі дау оның жабылуымен аяқталды. Qazaq Coffee компаниясының жабылуына 2Gis платформасындағы тұтынушылар пікірі мен рейтингі әсер етті.
2Gis платформасындағы наразылық
23 желтоқсандағы даудан кейін 2Gis платформасында тұтынушылар Gusto мейрамханасының сервисіне қатысты пікірлер жазып жатыр. Кейінгі жазылған пікірлердің барлығы дерлік қазақ тіліне қатысты. Кейбір желі қолданушылары мейрамхананы жабуды талап етсе, енді бірі қазақ тілін құрметтеуді талап етуде.
Мейрамхананың өзі бүгін тағы да мәлімдеме жасады. Gusto әкімшілігі дауға іліккен қызметкерін жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Бірақ тұтынушылардан кешірім сұрамады.
- Аталған шешім тек ішкі шара болып табылады және оқиғаға қатысқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздемейді. Оқиғаға байланысты одан әрі қарау заңнамада белгіленген тәртіппен тараптардың өзара қатысуымен жүзеге асырылады, – делінген хабарламада.