Тұманды алаң, аза тұтқан белсенділер, полиция мен бұғатталған интернет. Бүгінгі Алматының орталық алаңындағы көрініс осындай.
Тұманды алаң
Алматы алаңын тұман басып тұр. Ызғарлы күн осыдан 4 жыл бұрынғы қанды оқиғаны еске салғандай. Бүгін, 5 қаңтарда Алматының Республика алаңында бір топ (отыздан астам адам) белсенді 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алып, аза тұтып, құран бағыштады. Оларды полиция мен ішкі саясат қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.
Алаң маңында полиция күшейтіліп, интернет жұмысы нашарлаған. Ulysmedia тілшісі алаңға жақын жерде арнайы техникалық көліктердің тұрғанын байқады.
«Әлі өтемақы ала алмай жүрмін»
Республика алаңына Қаңтар оқиғасы кезінде қос жанарынан айырылған Ермек Әбдірешов те келді. Төрт жыл өтсе де әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүргенін айтты. Сөзінше, алғашқы сот инстанциясы 2 миллион теңге өтемақы беру туралы шешім шығарған. Бірақ ол мұнымен келіспеген. Былтыр 31 қазанда кассациялық шағымы қабылдаған.
«Содан бері екі айдан асты. Әлі күтіп жатырмыз жауабын. Жауабы жоқ. Саусағы сынған адамдарға 2 миллион теңге берген. Мен көз жанарымнан айырылдам. Бір сөзбен айтқанда, мен біреуге мұқтаж болып қалдым. Маған 2 миллион тағайындау әділетсіз деп санаймын. Алғашында біз 25 миллион теңге сұрағанбыз. Кассациялық шағымда соны жалғастырып, [сұрадық]», – деді ол Ulysmedia тілшісіне.
Ермек Әбдірешовтің сөзінше, жанарынан айырлғаннан кейін мүгедектікке шығарылған. Бір реттік 3 миллион теңге өтемақы алған.
«Қаңтардың қасірет екені айқын нәрсе»
Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, 4 жыл уақыт өтсе де Қаңтар оқиғасы жалпыұлттық трагедияға айнала алмаған.
«Қаңтардың қасірет екені айқын нәрсе. Оған тіпті түсініктеме берудің де қажеті жоқ... Бірақ ол ұлттық қасіретке айнала алған жоқ. Айналмаған себебі біз ұлт болып қалыптасқан жоқпыз. Ең басты себебі содан. Егер біз ұлт болып қалыптассақ, осындай ұлттың басынан өткен қайғы-қасірет ол міндетті түрде жалпыұлттық, елдік қасіретке айналар еді. Алматыда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада, Өскемен, Семейде және тағы басқа жерлердегі 2022 жылғы 4-5-6 қаңтардағы оқиға бұл ерекше оқиға. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ғана емес, жалпы Қазақстанның тарихындағы ерекше оқиға», – деді ол.
«Сырттан тиген жау емес, отарлаушы емес, басқыншы емес, өз билігінің, өз мемлекетінің бейбіт халыққа қарсы оқ атуы – жалпы адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп бағаланады. Жаңаөзендегі оқиға да, Қаңтардағы оқиға да дәл осы санатта болады. Құқықтық-саяси тұрғыдан алып қарағанда. Демек, жалпы адамзатқа қарсы жасалған қылмыстың ешқандай мерзімі жоқ. Оны он жылдан кейін де, жиырма жылдан кейін де, отыз жылдан кейін де, тіпті елу жылдан кейін де қайта қарап, соған қатысты кінәлілерді жауапкершілікке тартуға болады. Бұл Қазақстанның заңында да, халықаралық құқықтық нормаларда да көрсетілген», – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Контекст
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы наразылықтан басталған оқиға саяси талапқа ұласып, аяғы дүрбелеңмен аяқталған.