21 жастағы Данияр Амалбеков әскерге сап-сау кеткен, бірақ бір айға жетпей көз жұмды. Оның әпкесі Ulysmedia.kz-ке Шымкенттегі әскери бөлімде сарбаздың басынан өткенін және нақты диагнозсыз қалай емделгені туралы айтып берді.
«Ол әскери комиссариатқа өзі барды»
Разиданың айтуынша, әскерге шақырылғанға дейін Данияр өзін жақсы сезінген, денсаулығына еш шағымы болмаған. Алайда қызметін бастағанына бір ай да толмай қайтыс болды. Соған қарамастан, нақты диагноз қойылмаған.
— Оны әскерге шақырды, 1414-тен хабарлама келді де, Данияр өзі әскери комиссариатқа барды. Денсаулығы жақсы, бойы ұзын, денесі мығым жігіт еді. Ол үйдің жалғыз ұлы екенін, анасын бағып-қағып отырғанын түсіндіру үшін барған. Анасының жүрегі ауыратыны бар, ота күтіп жүргенбіз, квотаға кезекте тұрған. Сол үшін ол университеттегі оқуын да тастап, анасын қарап жүрген. Бірақ әскери комиссариаттан оны кері шығармай қойды. Медициналық тексеруден өткізді, табаны майтабан екені анықталды, бірақ соған қарамастан жарамды деп таныды. Кейін медтексеру талапқа сай өтпегені белгілі болды,оны тек сырттай қарап шыққан, — дейді сарбаздың әпкесі.
Туыстарына оның ауырғаны айтылмаған
Данияр 2025 жылғы 9 желтоқсанда Тараздан әскерге шақырылып, Шымкенттегі Ұлттық ұланның №6506 әскери бөліміне жіберілген. Бөлімге келгеннен кейін екі күн өтпей-ақ денсаулығы нашарлай бастаған. Туысының айтуынша, 11 желтоқсанда Данияр ішінің қатты ауырғанына шағымданып, командиріне жүгінген. Бірақ оның жағдайы туралы отбасы мүшелеріне хабар берілмеген.
— 11 желтоқсаннан 27 желтоқсанға дейін ата-анасы оның ауырғанын мүлде білмеді. Әскери бөлім сарбаздың денсаулығына қатысты отбасына ештеңе айтпаған. Тек 27 желтоқсанда ғана алғашқы қоңырау түсті. Әртүрлі нөмірлерден әртүрлі адамдар хабарласып, ұлдарының ауруханада екенін, алаңдамауды, ем алып жатқанын айтты. 28 желтоқсанда оның жағдайы тұрақты деп жеткізді. Ал 29 желтоқсанда жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылғанын хабарлады. Осыдан кейін отбасы шұғыл түрде Шымкентке аттанды, — деп еске алады Разида.
Диагнозсыз ем
Осы уақыттың бәрінде Данияр нақты диагнозсыз емделген. Отбасында бар медициналық құжаттарда тек алдын ала болжамдар ғана көрсетілген. Жағдайы біртіндеп нашарлай берген. Оны бірнеше рет бір ауруханадан екіншісіне ауыстырған — алдымен жекеменшік клиникаларға, кейін жұқпалы аурулар ауруханасына, одан соң Шымкенттің екінші қалалық ауруханасына жеткізілген.
— Мен оны көргенде, ол дәлізде жатқан. Алдымен ата-анасын кіргізбеді. Айқай-шу, жанжалдан кейін әрең кірді. Олар баспалдақпен көтеріліп жатқанда, Даниярды палатаға ауыстырыпты. Ол есін білетін, сөйлеп жатты, бірақ өте әлсіз еді. Сырт көзге аса қорқынышты ештеңе байқалмады, тек іші адам сенгісіз қатты кеуіп кеткен — бұл май емес екені анық. Катетерде үш күнде бар-жоғы 50 грамм ғана зәр жиналған, бұл өте аз. Ішінде перитонит басталғаны түсінікті еді.
«Үш рет тірілтті»
Әпкесінің айтуынша, медициналық қызметкерлер Данияр өз-өзіне қарай алмайтын халге жеткенін айтып, жанында туысы болуын сұраған. Туыстары ауыстыратын киім алуға кеткен, Шымкентте қасында қаламыз деп ойлаған. Бірақ қайта оралғанда, сол аралықта Данияр клиникалық өлімді бастан өткергенін естиді.
— Оны үш рет тірілтті. Бұл жүректің кенет тоқтауы емес еді. Дәрігерлер өмірі үшін күресті. Алдымен бір рет, кейін екінші рет... Ал кешке қарай, 16:34-те Даниярдың қайтыс болғанын хабарлады, — дейді туысы.
Медициналық құжаттарда оның аз уақыт ішінде қаза болуын түсіндіретін нақты диагноз жоқ. Ресми себеп ретінде жүректің кенеттен тоқтауы көрсетілген, ал алдын ала жедел лейкоз деген болжам айтылған. Бірақ туыстары бұл нұсқамен үзілді-кесілді келіспейді.
— Оны әскерге мүлде сау алып кетті. Неге оны дұрыс тексермеді? Неге медициналық тексеру салғырт жүргізіліп, тек сырттай қараумен шектелді? Егер ең болмағанда қан талдауын алғанда, көп нәрсе анық болар еді. Жедел лейкоз деу — өтірік. Мұндай дерттен бір айдың ішінде “жанып кету” мүмкін емес, — дейді әпкесі.
Данияр Амалбековтің отбасы оның өліміне кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етпек. Әскери қызметкердің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеуді әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
P.S. Біз Таразда әскери басшылықтың бұл оқиғаға қалай қарағанын өз көзімізбен білмек болып, тілшімізді әскери комиссариатқа жібердік. Алайда ондағылар сұрақтарға жауап беруден бас тартып, жоғары тұрған органдарға жүгінуді ұсынды. Ал кіреберісте «артық ештеңе түсіріп, жазып алмау үшін» телефонды қалдыруды талап еткен.