Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалды елдегі тілдік ахуалға қатысты алаңдаушылық білдіріп, қазіргі үрдістер өзгермесе, алдағы 10–15 жылда қоғам ішінде қауіпті шиеленістер туындауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде орыс тілін мүлде білмейтін, ал басқа аймақтарда керісінше, қазақ тілін білмейтін ұрпақ өсіп келеді.
- Қазір еліміздің біраз өңірлерінде мүлде орысша білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Мұны өз көзіммен көрдім. Дәл сол сияқты қазақша білмейтін өңірлер де бар. Оны да көрдім, — деді Азамат Сатыбалды.
Актердің пікірінше, осы екі түрлі тілдік орта бір-бірімен бетпе-бет келгенде, қақтығысқа алып келуі мүмкін.
- Алдағы 10–15 жылдың ішінде осы екі тарап қақтығысуы мүмкін. Қазіргі ұстаным соған апара жатыр, — деп ескертті ол.
«Ұлттар арасындағы емес, бір ұлттың ішіндегі қақтығыс»
Азамат Сатыбалды мұның этникалық қақтығыс емес, бір ұлттың ішіндегі тілдік текетірес болатынын атап өтті. Ол бұл жағдайды екі тілде сөйлейтін бір ұлттың бір-біріне қарсы тұруы деп бағалайды.
- Бұл ұлттар қақтығысы емес, екі тілде сөйлейтін бір ұлттың керісуі болады, — деді ол.
Актер қазақ тілінің бүгінде түрлі шектеулер мен қысымдарға қарамастан табиғи түрде дамып келе жатқанын да айтты.
- Қазақ тілін қанша тұншықтырса да, ол табиғи түрде, ештеңеге қарамай қарқынды дамып жатыр. Бұл — заңдылық, — деді Сатыбалды.
«Тіл өлмейді»
Азамат Сатыбалдының пікірінше, тіл — өз тағдыры бар тірі құбылыс.
- Тілдің өз тағдыры бар. Тіл өлмейді. Оны Тәңір өлтірмесе, жұмыр басты пенде жоя алмайды, — деді ол.
Ол қазақ тілі осы уақытқа дейін жойылмай, сақталып келгенін оның өміршеңдігін дәлел деп бағалайды. Актер қазақ тілі жоғалмаған болса, демек оның болашағы да бар екенін, сондықтан мемлекет пен қоғам бұл тілмен санасуы тиіс екенін жеткізді.
«Қазақ тіліне қазір шынайы қолдау қажет»
Сөз соңында Азамат Сатыбалды қазақ тіліне дәл қазір нақты әрі батыл қолдау қажет екенін айтты.
- Қазақ тілінің тұсауын шешіп, оны тек қолдау керек. Қазір соның уақыты, — деп түйіндеді актер.
Азамат Сатыбалды
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болған және 2023-2024 жылдары Қазақфильм президенті болған.