20 жастағы Қазбек Оспанов Шығыс Қазақстан облысындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жүріп қаза тапты. Әскерден босауына шамамен үш ай қалған еді. Сарбаздың мәйіті туған жері — Жетісай ауданына жеткізілді. Әскери ведомство дерегінше, ол өз-өзіне оқ атқан. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Ulysmedia.kz тілшісі қаза тапқан сарбаздың отбасымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.
Әскерден оралмады
Анасының айтуынша, Қазбек әскери борышын өтеп жүрген кезде туыстары мен таныстарына жиі хабарласып, қарызға ақша сұраған. Қызметін аяқтаған соң бәрін қайтарып беретінін айтыпты.
— Ол сыныптастарынан, бұрын бірге жұмыс істеген адамдардан ақша сұрады. Маған ештеңе айтпады, мені ойлаған ғой. Күн сайын қоңырау шалып: «Ақша берші, ақша берші» дейтін. Ұлым қысым көрген. Өйткені өзі әлі жас еді, — деп еске алады анасы Майра Оспанова.
Әйелдің сөзінше, Қазбек әскерге өз еркімен бармаған. Оның көру қабілеті төмен болып, медициналық диагнозы болған. Екі жыл бұрын оны мерзімді әскери қызметке алып кеткенімен, жолда денсаулығына байланысты қайта үйіне қайтарған. Ал былтыр сәуір айында оны тағы да әскери комиссариатқа шақырған, бұл жолы тікелей жұмыс орнынан. Ол кезде Қазбек күзетші болып істеп жүрген.
Билік нұсқасы
Ресми мәліметке сәйкес, Қазбек қарауыл қызметін атқарып тұрған кезде өзіне бекітілген қарудан өзі оқ атып, алған жарақаттарынан көз жұмған.
— Адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің өңірлік тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Іс әскери прокуратураның бақылауында, — деді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев.
Әскердегі бопсалау ма?
Марқұмның туыстары істегі бірқатар сәйкессіздіктерге назар аударып отыр. Сарбаз қызмет атқарған аумақта бейнебақылау камералары болғанымен, түсірілімдерде оқ атылған сәт тіркелмеген. Сонымен қатар, сот-медициналық сараптама қорытындысында өлімнің себебі «бас-ми жарақаты» деп көрсетілгенімен, құжат ресми мөрмен бекітілмеген.
Оспановтар отбасы Қазбектің қазасына қатысты барлық жайттың жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етеді. Олар жас сарбаз әскери бөлімдегі командирлер тарапынан қысымға ұшырауы мүмкін деп есептейді.