Олимпиада жүлдегері Тоқаевтан Қазақстан азаматтығын сұрады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ауыратлет Сергей Филимонов Қазақстан азаматтығын қайтару туралы өтінішпен ел билігіне жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сергей Филимонов Үштөбе қаласында дүниеге келген. Ол ауыр атлетикамен 9 жасынан бастап айналыса бастаған. 18 жасында 1996 жылғы Олимпиада ойындарында Ресей құрамасының атынан өнер көрсетіп, төртінші орын иеленді. Біраз уақыттан кейін Қазақстанға оралып, ел намысын қорғады.

Спортшының мансабындағы ең ірі жетістік — 2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада күміс жүлде жеңіп алуы. Осы табысы үшін оған сыйақы беріліп, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер табысталған.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

2005 жылы Филимонов велосипедшіні қағып кетіп, ол кейін алған жарақатынан көз жұмды. Қаза тапқан адамның туыстары кешірім бергеннен кейін спортшы қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Кейін ол спортқа бірнеше рет оралуға тырысқанымен, ауыр жарақаттар кедергі келтірді. Мансабын аяқтаған соң түрлі салада еңбек етті — соның ішінде техникалық қызмет көрсету станцияларында, сондай-ақ Ресейде самосвал жүргізушісі болып жұмыс істеген.

Қазіргі таңда бұрынғы спортшы бапкерлік жолды таңдауды армандайды және Қазақстан азаматтығын алуды қалайды. Осы өтінішін ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған.

— Ең бастысы — азаматтық. Мен азаматтық сұрадым. Қалғанын президент қалай шешсе, солай болсын. Ол — біздің маршалымыз да, генераліміз де. Егер азаматтық пен жұмыс мәселесінде көмектесуді жөн көрсе… Мен елімізге, мемлекетімізге пайда тигізгім келеді. Өзімнің туған елімде жастарды тәрбиелеп, спортшыларды дайындағым келеді, — деді Сергей Филимонов «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасына берген сұқбатында.