Қарағандыда 11 млн теңге жымқырған турфирма басшысына үкім шықты

Ulysmedia

Қарағанды, Жезқазған және Астана тұрғындарынан Грузия мен Түркияға жолдама үшін 11 миллион теңгеден астам қаражат жинап, өз қалтасына басқан кәсіпкерге үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Еуразия арнасының мәліметінше, сот үш айға созылып, алаяқ әйел үш жылға сотталды. Сотталушының кішкентай баласы болғандықтан, жаза жеңілдетілді.

Кінәлі болғанына қарамастан, туроператор сотта өз кінәсін мойындамады. Айтуынша, бизнесте мәселелер туындап, жолы болмады.

"Пожематкина кассада ақша жоқ екенін біліп әрі туристерді шетелге жібере алмайтынын біле тұра, әдейі жаңа туристерді тартты. Олардың қаржысына сапар мерзімі жақындаған туристерді демалысқа жіберді", – деді Қазыбек би аудандық сотының судьясы Айгүл Мырзабекова. 

Пожематкина қорғаушысымен бірге шағымдануға ниетті. Ал зардап шеккендер сот шешіміне риза. Олар ақшаларын қайтарып алуға үмітті. Сонымен қатар, сот сотталушыны барлық залалды өтеуге міндеттеді.

"Айыптау үкіміне ризамыз, жүз пайыз қанағаттандырды. Зиянды өтеу кезінде оны мерзімінен бұрын босатуға болатынын ескерсек, ол бізге 100% шығын төлеуге тырысады деп ойлаймын", – деді зардап шеккен Айсұлу Бекжігітова. 

"Ол қаржылық қиындықтарға тап болғанын және күйеуі ақшаны бәске тігіп жібергенін айтты. Бірақ бұл жолы ақшаның қайда кеткенін түсіндірген жоқ, баяғы жағдай деп ойлаймыз", – деді алданғандардың бірі Андрей Маценко.