Ауыр дерттен қайтыс болған баланың әкесі жиналған ақшаны өзге науқас балаларға бөліп берді

Сырым Қаржас
Видео кадры

Ауыр дертпен күресіп қайтыс болған Альтаирдің әкесі Данияр Талипов ұлының еміне жиналып, пайдаланылмай қалған қаражатты өзге балаларға аудару туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Данияр Талиповтың айтуынша, Альтаирдің өмірден өткеніне жеті күн болған. Бұған дейін отбасында баланың еміне жиналған 96 миллион теңге қаражат қалған.

- Мен Альтаирдің әкесімін. Оның арамыздан кеткеніне жеті күн өтті. Альтаирдің еміне жиналған 96 миллион теңге қаражат қалды. Біз бұл ақшаны қазір қаржы жинап жатқан, көмекке мұқтаж балаларға бөліп бердік, – дейді Данияр Талипов.

Оның сөзінше, ең ірі сома Аяна Нұртаева есімді қызға аударылған. Қыз балаға 45 миллион теңге жіберілген, қазір ол Ыстамбұлда ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ Алмас Түсіпбек есімді балаға 25 миллион теңге бағытталған. Бұдан бөлек, Дарья есімді балаға да қаражат аударылған. Қазіргі таңда ол да емделіп жатыр.

Данияр Талипов көмектің тек осы балалармен шектелмейтінін, өзге балалардың да қазір клиникаларда ем алып жатқанын атап өтті.

Сөз соңында ол отбасы үшін ең ауыр кезеңде қолдау көрсеткен барша жанға алғысын білдірді.