Факультет құжаттарына жеке мөрін басқан деканның үстінен қызметтік тексеріс жүргізіледі

Ulysmedia
коллаж: ulysmedia.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай оқу орны атынан берілетін құжаттарға өзінің жеке мөрін басқаны үшін сынға қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАЗБАСЫ

Журналист Жұлдыз Әбділдә Facebook парақшасына ҚазҰУ-да өткен Жас тілшілер форумына қатысты жазба жариялады. Айтуынша, форум қатысушыларына берілген сертификаттарға университеттің немесе факультеттің емес, деканның жеке мөрі басылған.

«Өткен жұма, сенбі күндері «Ұлан» газеті дәстүрлі жас тілшілер форумын өткізді. «Ұланнан» жұмыстан кеткенмен, бүйрегім бұрып тұратын ең бір аяулы ұжымым болған соң, газетті үйіме жаздырып аламын, әлеуметтік желідегі парақшасын қалт жібермей қарап отырамын. Демалыс күндері барыс-келіс шаруа көп болып, кеше әбден түнде суреттерді қарамаймын ба. Кенеттен мынау мөрге көзім түсіп, айран-асыр болып отырмын. ҚазҰУ сияқты білдей бір университетте, атам заманнан келе жатқан журналистика факультетінде мөр жоқ па сонда? Әлде журфакты Әуесбайдың Қанаты біржола жекешелендіріп алып па еді? ИП-ның құжаты құсатып не мынау? «Әуесбайдың Қанаты өз-өзінің фанаты» екенін былай да білеміз ғой, бірақ мынаусы тым артық екен», – деп жазды Жұлдыз Әбділдә.

«САУАТСЫЗДЫҚ, НАРЦИССИЗМ...»

Жазбаға пікір жазушылар деканның бұл әрекетін сауатсыздық деп бағалаған.

«Өте орынды сын! Мұндай мөрді өзінің үй кітапханасында пайдалансын. Мына сертификаттарға факультеттің ресми мөрі басылу керек», «Бұл сауатсыздық деп аталады! Жеке мөр мен ресми мөрді айыра алмауды басқа қалай атаймыз?», «Нарциссизмнің көрінісі» дейді желі қолданушылары.

Пікір білдірушілер арасында жеке мөрдің қолданылуын асығыстықтан болған мәжбүрлі шара деп түсінгендер де бар. Алайда журналистің айтуынша, Жас тілшілер форумы аяқ астынан өткізілген шара емес.

«Мөр болмай қалды деу ақылға сыймайды, мөр деканның қолында болады. Әрі ол жоспарлы шара, кемі он күн бұрын белгілі болған», – дейді маман.

Ең сорақысы, мұндай жағдай бірінші рет болмаған. Декан жыл соңында берілетін алғыс хаттарға да өз мөрін басқан көрінеді. Оған дейінгі факультет басшыларының ешбірі мұндай әрекетке бармаған.

ЖАУАПТАН ҚАШҚАН ДЕКАН

Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы қызметіне 2024 жылдың қыркүйегінде тағайындалған.

Ол әр жылдары республикалық телеарналарда тілші, тележүргізуші, шеф-редактор, Президент орталығы баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры, «Elorda Aqparat» медиа-холдингі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

Біз желіде қызу талқыланып жатқан мәселенің анық-қанығын өз аузынан есту үшін Қанат Әуесбайға хабарластық. Алайда сұрағымызды қойып үлгерместен декан тұтқаны қоя салды. Қайта шалған қоңырауларымызды да көтермеді.

Бұл журфак деканының алғаш рет жауаптан қашуы емес. Бұған дейін желіде ҚазҰУ студенттеріне диплом табыстау рәсіміне қатысты дау туғанда да сұрағымызға жауап бергісі келмеген.

УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ?

Деканның қызмет бабы барысында жеке мөрін пайдалануы заңға қайшы келмей ме деген сауалды Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Министрліктің баспасөз қызметі бізді ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеді.

Университеттегі әріптестеріміз аталған фактіге қатысты қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайдың Жас тілшілер форумына қатысушыларға арналған сертификаттар мен дипломдарды рәсімдеу барысында жеке мөрін қолдану фактісіне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде. Тексеріс нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тиісті шара қолданылады», – делінген ҚазҰУ баспасөз қызметінің ресми жауабында.