Қазақстандық мұғалімдер желіде қазақша түсінбейтін, туған тілінде сауатты оқып-жаза алмайтын оқушылар көбейгенін айтып, дабыл қақты. Ұрпақ мәңгүрттеніп барады деп алаңдаған ұстаздар оқу жүйесін өзгертуді, жүктемелерін азайтып, оқушылармен көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұраған.
Қазақ балаларының сауаты неге төмендегенін және бұл мәселенің қандай шешімі барын Ulysmedia.kz тілшісі сарапшылардан сұрап көрді.
ДАБЫЛ ҚАҚҚАН ҰСТАЗ
Threads әлеуметтік желісінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяулым Әнербайдың жазбасы резонанс тудырды. Педагогтың айтуынша, мектеп оқушыларының басым көпшілігі қазақша сауатты оқып-жаза алмайды.
«Биыл 5-сыныпты алғанмын, сыныптың 70-80%-ы қазақша екі сөздің басын құрап айта алмайды, оқыған мәтінді түсінбейді, оны мазмұндап айта алмайды. Диктант жазғызасың, қателерін көріп, көзіңнен сораң ағып жылайсың. Қазақша сөйлемейді, қазақша ойланбайды. Көз алдыңда мәңгүрттеніп бара жатқан ұрпақты көруден артық қандай азап, қандай сұмдық бар? Осының бәрінің алдын алу үшін не істеуге болады?» – деп ұстаз әріптестеріне жүгінген.
Жазбаны қызу талқылап, өз пікірлерін ортаға салған мұғалімдердің бәрі де ана тілінде сауатты жаза алатын оқушы ілуде біреу екенін растаған.
«Мен ағылшын тілі пәні мұғалімімін. Осындай оқушыларды күнде 1 сағатқа қосымшаға шақырып, диктант жазғызып, кітап оқытып, оны мазмұндап, қазақ тілінен бастап сауаттарын ашып, сосын барып ағылшын үйреттім. Неге десеңіз, қазақ тілінен сауатсыз жазатын баладан ағылшын тілін қай бетіммен сауатты жазуын сұраймын? Бастауыш ата-анасы мен мұғалімдер қайда қараған? Бірақ 3-4 ай ғана осылай жұмыс істедім, әрі қарай декретке шықтым», – дейді Айгерім Нұрбекова есімді мұғалім.
ТАБАНДЫ ЕҢБЕК
Қазақ балаларының сауатын арттыру жолында табанды еңбек етіп жүрген мұндай педагогтер аз емес. Мәселен, 5-сынып оқушысының ата-анасы Әйгерім Қабдұлһаққызының сөзінше, ұлының ұстазы 8 айда балаларды қазақшаны жетік білетін деңгейге жеткізген.
«Менің ұлым – 5-сынып оқушысы. Сыныпты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі алған. Қыркүйекте мыналарың не деп жағасын ұстап, жиналыс ашты. Содан кейін апта сайын екі сағат балалармен айналыса бастады.
1. Әдебиеттен әр апта сайын қазақ классикалық ақын жазушыларының 1 шығармасын (мысалы, «Қорғансыздың күні», А.Байтұрсынұлының мысалдары) тапсырма етіп береді. Кітабы жоқтарға көшірме жасатады да қолына ұстатады.
2. Қалың жазу дәптер бастадық. Бала оқыған шығармадан не түсінгенін жазады. Қорытындыға өз пікірін жазады.
3. Дүйсенбі күні тәрбие сағатында, артынша қазақ әдебиеті сабағында (2 сағ) дәптерлерді жинап алып, әрқайсысынан тапсырма сұрап, сүліктей жабысып отырып алады екен.
Оқымағандарды видеоға түсіріп ата-аналар чатына салып тұрады.
Жыл аяқталып қалды, біздің балалар судырап тұр. Қосымша жазу дәптерлері басында қып-қызыл қате еді, қазір түзелді. Мұндай апайға, 1000% сыйақы берсе де жарасады!», – дейді ата-ана.
ЖҮКТЕМЕ ҚАШАН АЗАЯДЫ?
Өкінішке қарай, мұғалімдердің бәрі бірдей оқушылармен сабақ жоспарынан тыс жұмыс істеуге, қалыс қалған оқушыны сүйрелеуге құлықты емес. Өйткені жүктемелері ауыр. Оқытатын пәндерінен бөлек көбі сынып жетекшілікті қатар алып жүреді. Кәсіби қызметіне жатпайтын міндеттері тағы бар. Сайлаудың қара жұмысына тартылатын да, қоғамдық іс-шаралардың басы-қасында жүретін де, әр басқан қадамын фото-видеоға түсіріп, желіде есеп беретін де, WhatsApp-та күні-түні ата-аналардың сұрағына жауап беретін де, оқушы бірдеңеге ұшыраса жазаланатын да – мұғалім.
Ақпанда депутат Асхат Аймағамбетов Мәжіліс қазақстандық мұғалімдерді басы артық есептен, білім беру ісіне қатысы жоқ жұмыстардан босататын заң жобасын қарап жатқанын мәлімдеген.
Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасындағы маңызды нормалардың бірі – ұстаздарды кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартқан басшыларға айыппұл салу.
Сондай-ақ, мұғалімдерді жұмыстан тыс уақытта WhatsApp-тағы ата-аналар сұрағына жауап беруге, әлеуметтік желіге контент түсіруге мәжбүрлеуге тыйым салу көзделген.
«Бір мұғалімнің өзінде WhatsApp-та 15 чаты болады. Оқушымен, ата-анамен және тағысын-тағы. Оның барлығына жауап беру оңай емес. Әсіресе, сабақ бергеннен кейін мұғалімнің отбасы, жеке өмірі бар. Біздің айтпағымыз, мұғалім міндетті болмауы керек. Ресми бекітілмеген платформаларда жауап беруге тиісті емес. Шетелге барсаңыз, балаңыз 11 жыл оқыса да мұғалімнің телефон нөмірін білмеуіңіз мүмкін. Сондықтан біріздендіру керек», – деді саланың жай-жапсарын жақсы білетін экс-министр.
«ТЕГІН ЖҰМЫСШЫЛАР»
Аймағамбетовтің ұстанымын қолдамайтын депутаттар да бар. Мәселен кеше, 22 сәуірде өткен Мәжіліс отырысында Ерлан Саиров мұғалімдерді қоғамдық жұмыстардан босату дұрыс емес деп мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, соңғы кезде мұғалімді анда апармаңыздар, мында апармаңыздар деген сөз көбейді. Мұғалім оқшауланып өмір сүрмейді ғой. Оның мамандығының спецификасы сол: олар тек қана балаға сабақ бермейді, тәрбиелейді. Бұрын біздің әке-шешеміз мұғалім болғанда бүкіл ауылдың тәрбиешісі болған. Егер біз мұғалімнің сондай функциясын жұлып алатын болсақ, ертең балаларымыздың білімі жоғары болғанымен, тәрбие деңгейі төмендеп кетеді. Осы бағыт бойынша да бізде нақты стратегия болуы керек. Мұғалім референдумға да, сайлауға да қатысуы керек. Сонымен бірге аймақтарда өтетін әртүрлі фестиваль, семинар секілді іс-шараларға да қатысады. Онсыз ұлтты тәрбиелеу мүмкін емес», – дейді депутат.
Саировтың бұл сөзі педагогтердің ашуын туғызды. «Онсыз да барлық іс-шарада жүрген мұғалімдер. Бала оқытуды қойып, саясатпен айналысайық енді», «Депутаттың жалақысын төлесін, содан кейін талап қойсын», «Тегін жұмысшылардан айырылған кімге болса да жеңіл емес. Мұғалімнің қоғамдағы құнының жоғалғаны қолбала қылғандықтан емес пе еді» дейді желіде шулаған мұғалімдер.
ОҚУЛЫҚ ТА ОҢЫП ТҰРҒАН ЖОҚ
Оқушылардың сауатының төмендеуіне әсер еткен тағы бір фактор – сапасы сын көтермейтін оқулықтар. Мамандардың айтуынша, қазіргі «Қазақ тілі» оқулығының мазмұнына қатысты сұрақ көп. Биологияны, физика мен жаратылыстануды да араластырған да, оқулықтың басты міндеті – тілді үйрену заңдылықтарын екінші орынға ысырған дейді.
Зейнеттегі ұстаз, филолог Ханшайым Иманәлиеваның пікірінше, бұрынғы оқулықтарды сүзгіден өткізіп, тиімділігін көрсеткен әдіс-тәсілдерді қайта енгізу керек.
«Көп нәрсе оқулыққа келіп тіреледі. Асхат Аймағамбетов министр болған кезде «Әліппені» қайтарды. Қазіргі министр мазмұндама, шығарма, диктант жазуды қайта енгізгелі жатыр. Бірте-бірте оқулық та түзелер. Талдау жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Біздің кезімізде «Қазақ тілі» оқулығы фонетикадан басталатын. Адамдар бірін-бірі түсінуі үшін фонетиканың рөлі зор. Дыбыстардың айтылуы мен жазылуын білмей тілді жетік меңгеру, сауатты сөйлеу мүмкін емес. Морфология, синтаксис дегеннің бәрі қайтадан орнына келсе, балалардың дұрыс оқып-жазуында қиындық болмас еді», – дейді маман.
Ұстаз ата-аналарға балаларды телефонға телміртіп қоймай, олармен ерте жастан көп сөйлесуге кеңес берді. Өйткені сөздік қоры аз бала ойын жеткізе алмайды, жазғанда да көп қате жібереді.
ҚАЗАҚША КОНТЕНТ ҚАТ
Телефон демекші, балалар жіпсіз байланып отыратын желілерде жібі түзу қазақша контент жоқ. Мектепке дейінгі бүлдіршіндердің YouTube-тен көретіні – кілең орысша және ағылшынша арналар. Оларды көру арқылы баласының ағылшыны жақсарады деп ойлайтын ата-аналар саналы түрде сол тілдегі мультфильмдерді қосып береді. Бірақ перзентінің әуелі туған тілін сіңіргенін қалайтындар да өзге тілдегі өнімдердің қаралымын көбейтуге мәжбүр. Өйткені қазақ тіліндегі сапалы, сауатты, ұғымды әрі қызықты парақша саусақпен санарлық. Оларды жүз қайтара көріп, әбден жалыққан бала жаңа контент іздеп басқа арналарға бұрылары анық.
«QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы, белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы баланың көру, есту арқылы қабылдайтын ақпаратының ықпалы зор екенін айтады.
– Оқушылардың қазақ тілінде сауатты оқып-жаза алмауына ұстаз да, ата-ана да, қоғам мен билік те кінәлі. Ата-ана баласының үйде және түзде қазақша сауатты сөйлеуін талап етпейді, жағдай жасамайды, немқұрайлы қарайды. Ұстаз оқушының тілді жетік меңгеруіне қажеттілік тудырмайды, ойын дұрыс жеткізе алмайтын, қатесіз жаза алмайтын баланың бағасын көтермелейді. Кейбір мұғалімнің өзі де сауатты жаза алмайтыны құпия емес. Ал қоғам әлі де орыс тілінде шүлдірлейді. Баласын орыс мектебіне сүйрейтіндер аз емес. Балалар тұтынатын қазақша сауатты контент те өндіре алмай отырмыз. Қоғам болып қазақ тілінің мәртебесін көтере алмай келеміз. Ал билік мемлекеттік тілдің дамуына қажетті жағдай жасап отырған жоқ. Өзі де қазақ тілінде сөйлемейді. Билік қай тілде сөйлесе – халық сол тілде сөйлейді, – дейді педагог.
АДАМЗАТҚА ОРТАҚ МӘСЕЛЕ
Тарихшы-ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының пікірінше, сауатсыздық мәселесі жасқа, ұлтқа, мемлекетке бөлінбейтін жаһандық проблемаға айналып отыр.
– Қазір ұзақ мәтінді оқуға бала түгілі ересектердің шыдамы жете бермейді. Мұның бәрі әлеуметтік желінің ықпалы. Балалардың зейіні тұрақсыз, бір жерде байыз тауып отырулары қиын. Бұл – адамзатқа ортақ мәселе. Еуропа елдерінің көбі балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салу мәселесін қарастырып жатқаны бекер емес, - дейді.
16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу мәселесі Қазақстанда да қарастырылып жатыр. Бұл тақырыпты мінберлерде жиі көтеретін – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов. Ол желіге кіруді шектеуден бөлек, мектепте смартфон пайдалануға түбегейлі тыйым салу керек деп есептейді.
«Англия, Нидерланд және әлемнің қырықтан астам елінде мектептерде телефон пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылданған. Қазақстанда да Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім-Инновация лицейлері және бірқатар жетекші мектептер осы тәжірибені енгізіп, оқу орнында смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижелері оң: оқушылардың өзара қарым-қатынасы артты, үлгерім көрсеткіштері де жақсарды» – дейді ол.
Депутат белгілі америкалық психолог Анджела Дакворттың зерттеулеріне сүйенеді.
«Дакворт табыс пен тиімділіктің сыры – темірдей ерік-жігерде емес, алаңдататын факторлардан арылған дұрыс орта екенін айтады. Демек, өзіңді үнемі бақылап, тыюдың орнына, сол жағдайдың алдын алып, алаңдататын факторлардан алыс болу әлдеқайда тиімді. Мысалы, гаджет – қазір ең басты назар бұзушы құралдардың бірі. Дакворт келтірген зерттеуге сүйенсек, тіпті өшірулі болғанымен, қол астында жатқан телефонның өзі IQ тест нәтижесіне кері әсер етеді. Ал телефоны көзден таса жерде жатқан балалардың үлгерімі әлдеқайда жоғары», – дейді Аймағамбетов.