Әлеуметтік желілерде Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты әрі экс-еңбек министрі Улукбек Кочкоровтың видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Желіде тараған видеода саясаткердің көлікке сәлемдемелер тиеп жатқанын көруге болады. Видео авторларының мәліметінше, ол қазір АҚШ-тың Чикаго қаласында Amazon компаниясында курьер болып жұмыс істейді.
Көптеген қолданушы бұрынғы шенеунікті қолдап, адал еңбектің еш ұяты жоқ екенін жазған. Ал кейбірі жоғары мемлекеттік қызметтер атқарып, президент сайлауына қатысқан адамның бүгінде сәлемдеме жеткізумен айналысып жүргеніне таңданысын білдірді.
Желі қолданушыларының басым бөлігі бұрынғы саясаткерге қолдау білдірді. Пікір қалдырушылардың бірі «Бір отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететін жұмыс болса, бұл мүмкіндіктер елі деген сөз» десе, енді бірі «Демек, жемқорлықпен айналыспаған және өзіне қаржы жинамаған» деп жазған. Сондай-ақ «Құрметке лайық», «Егер рас болса, респект», «Бүгін министр болсаң, ертең курьер болуың мүмкін. Ең бастысы адал адам болып қалу» деген пікірлер де көптеп кездескен.
Улукбек Кочкоров Қырғызстанда белгілі саясаткерлердің бірі саналады. Ол әр жылдары «Ата-Жұрт» партиясынан Жогорку Кенеш депутаты болып сайланып, 2017 жылғы президент сайлауына қатысқан. Ал 2018 жылы елдің Еңбек және әлеуметтік даму министрі қызметін атқарған.
2020 жылғы саяси оқиғалардан кейін Кочкоров мемлекеттік қызметтен кеткен. Соңғы жылдары ол отбасымен бірге АҚШ-тың Чикаго қаласында тұрып келеді және көпшілік алдына жиі шықпайды.
Әзірге экс-шенеунік әлеуметтік желіде тараған видеоға да, жеткізу қызметінде жұмыс істейтіні туралы ақпаратқа да ресми түсініктеме берген жоқ.