Германияда қаза тапқан бұрынғы қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаева ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Журналист Ксения Собчак жүргізген арнайы тергеуде марқұмның ата-анасы мен отбасының адвокаты Германиядағы сот-медициналық сараптама қорытындысын және бұған дейін жария етілмеген айғақтарды алғаш рет айтты.
Айгүлдің анасы Шолпан Батқалованың айтуынша, неміс сарапшыларының қорытындысы қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын көрсетеді. Марқұм жүктіліктің 7 айында болған.
«Сараптама қорытындысы бар.30-дан астам пышақ жарақаты, бастың артқы жағынан екі соққы, бір терең енетін жара анықталған. Қорытындыда ол алдымен есінен танып, кейін “қойша бауыздап тастаған” деп жазылған. Бәлкім, денесін бөлшектеуді жоспарлаған. Басының химиялық затпен өңделгені айтылады, себебі шашы жоқ, көзі көрінбейді», — деді Шолпан Батқалова.
Марқұмның анасы қызының бұрыннан күйеуінің анасы Наталья Донцова тарапынан қысым көріп жүргенін айтқан. Бірақ ол кезде қазақы тәрбиеге сай отбасын сақтауға кеңес бергенін мойындады. Ал марқұмның құрбысы Малика Текенова соңғы уақытта Айгүлдің қатты қорқып жүргенін, үнемі хабарласуға қиналғанын жеткізген.
Күйеуіне қатысты күдік, жертөледен қан іздері табылған
Адвокат Жанна Уразбахова сұхбатында кісі өлтіру бір адамның емес, бірнеше адамның қатысуымен жасалуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, марқұмның жұбайы Александр Донцов айғақтарды жасыруға қатысуы ықтимал.
Қорғау тарапының мәліметінше, пәтерде қатты арпалыс іздері анықталған, ал үйдің жертөлесінен қан іздері табылған. Көршілер сол түні қатты шу естігенін айтқан. Сараптама қорытындысы жәбірленушіге бір уақытта бірнеше жақтан соққы жасалуы мүмкін екенін көрсеткен.
Адвокаттың айтуынша, мәйітті жертөлеге түсіру бір адамның күшімен жасалуы қиын. Сондықтан қорғау тарапы Александр Донцовтың тек қылмысты жасыруға емес, оқиғаға тікелей қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сонымен қатар тергеу деректеріне сүйенген материалдарда Донцовтың бұған дейін қызына азаматтық рәсімдеуге әрекеттенгені және әйелі жоғалғаннан кейін полицияға хабар бермегені айтылады. Кейін ол баласымен бірге Ресейге кеткені де көрсетілген.
Экс-судьяның өлімі
Еске салайық, жуырда Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу барысы жөнінде мәлімет берген. Марқұмның туыстары оны азаптап өлтірді деп күйеуі мен енесін айыптап отыр. Екеуі де Ресей азаматтары.
Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Қазақстан Ішкі істер министрлігі Наталья және Александр Донцовтарға қатысты Айгүл Сайлыбаеваны азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Сонымен қатар, Германияда «қасақана адам өлтіру» бабы бойынша тергеу жалғасып жатыр. Өткен жылдың делтоқсан айының соңында Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев мәлімдеген.
Айгүл Сайлыбаева 40 жаста еді. Ол Ұлыбританияда білім алып, Астанада судья қызметін атқарған. Соңғы жылдары отбасымен Германияда тұрған. 2025 жылы 4 маусым күні таңертең екі жасар қызын балабақшаға апарып, сол күйі хабарсыз кеткен. 12 күннен кейін оның мәйіті табылды.
Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көмек сұрап, күдіктілерді елге экстрадициялау ісіне араласуын сұрады. Ресейдің Тергеу комитеті Германияда қаза тапқан Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасының өтінішіне жауап беріп, тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады.