«Барлық ісім заңға сай»: Алматыда Оразалы Ержановтың соты басталды

Есдәулет Қызырбекұлы
фото: Ulysmedia.kz

Алматыда заңгер, «Elge Qaitaru» қорының жетекшісі Оразалы Ержановтың ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРСЫЛЫҚТАН БАСТАЛҒАН СОТ ПРОЦЕСІ

28 сәуірде өткен сот отырысы қорғау тарапының төрағалық етуші судья Руслан Мұратбековке қарсылық білдіріп, өтінішхат түсіруінен басталды.

Адвокаты Виталий Воронов судья Руслан Мұратбековтің 2 наурызда президенттің жарлығымен Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып тағайындалғанын алға тартты. Ол «іс Алмалы аудандық сотында қаралып жатқандықтан, судья Мұратбеков процеске төрағалық ете алмайды» деді.

«СУДЬЯНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗАҢДЫ»

Прокурор Жәнібек Мамытов «Судьяны ауыстырудың қажеті жоқ, себебі судья қайда істесе де легитимділігін жоғалтпайтынын» айтты.

Өтінішхатты қараған Алмалы аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Қасымбеков қарап, адвокат Вороновтың түсірген өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды.

«Судья Руслан Мұратбеков 6 сәуірде біздің Алмалы аудандық сотында қызмет бабымен ауыстырылған. Сол себепті оның бұл жердегі жұмысы толықтай заңды. Бұндай тәжірибе бұрыннан бері бар. Алмалы аудандық сотында кадр тапшылығы бар. Қаладағы жүктемесі ең көп сот. Сол себепті осындай шешім қабылданған», – деді ол.

АЙЫПТАУ 

Осыдан кейін сот процесі қайтадан жалғасты. Прокурор Мамытов айыптау актісін оқыды. Айыптау актісіне сәйкес, Оразалы Ержановқа Қылмыстық кодекстің 150-бабы – «Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау» бойынша айып тағылған. Оған 15 наурызда Жаңа Конституцияға байланысты өткен референдум қарсаңында Facebook желісінде жазған посттары себеп болған. 

«Оразалы Ержанов 2026 жылы 12 ақпанда сағат 10:11-де Алматы қаласының аумағында бола отырып, әлеуметтік желідегі басқа да анықталмаған пайдаланушылармен алдын ала сөз байласу арқылы, Facebook желісіндегі «Оразалы Ержанов» деген атпен тіркелген жеке парақшасында референдумға «Egov» қосымшасы арқылы бойкот жариялауға шақырған жазба жариялаған.Жазбада көрсетілген сілтеме арқылы азаматтарды Орталық сайлау комиссиясына жүгініп, Қазақстан Республикасында референдум өткізуден бас тарту мазмұнындағы өтініш жолдауға үндеген. Сонымен қатар, Ержанов осы жазбасында 2026 жылы 15 наурызда Түркістан қаласында Конституция жобасын талқылау мақсатында құрылтай өткізуді ұсынған, яғни бұл күн ресми республикалық референдум өтетін күнмен сәйкес келеді», ­– делінген прокурор оқыған айыптау актісінде.

Сондай-ақ айыптау актісінде Оразалы Ержановтың Facebook желісінде жарияланған жазбаларының бірінде Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде бекітілген «заң мен тәртіп» қағидатын нацистік Германиядағы билік әдісімен салыстырғаны туралы айтылған.

«АЙЫППЕН КЕЛІСПЕЙМІН»

Сот барысында Оразалы Ержановтың өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Ол Facebook желісінде жазылған жазбалардың барлығы заң аясында екенін алға тартты. Сайлау туралы конституциялық заңды мысал ретінде келтірді.

«Мен келіспеймін, бойкот заңды. Менің істеген барлық істерім осы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес. Ішінде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Менің заңгерлік жоғары білімім бар. Мен заңды түсінемін, білемін. Сондықтан мына айтылған айыппен келіспеймін. Оны мойындамаймын», – деді Оразалы Ержанов.

Бұдан бөлек, бүгінгі сот отырысында жалғыз ғана куәдан жауап алынды. Ол өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Куә Facebook желісінен Оразалы Ержановтың референдумға бойкот жариялау туралы жазбасын көріп, Қаңтар оқиғасы есіне түскенін айтты. Ол «елде тұрақсыздық болама деп уайымдап, полицияға шағымдандым» деді. Бірақ ол Оразалы Ержановтың «Бойкот пен Қаңтар оқиғасының қандай байланысы бар? Қаңтар оқиғасында «Бойкот» деген ұранды естідіңіз бе?» деген сұрағына нақты жауап бере алмады.

ҚАШАН ҰСТАЛДЫ?

Оразалы Ержанов биыл ақпанның соңында ұсталған. Бастапқыда оның үйінде тінту жүргізіліп, кейін белсенді 10 тәулікке қамалған. Полиция «сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша» іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

«Әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыруды көздейтін өзге де мәліметтер қамтылған жарияланымдар анықталды», – делінген полиция мәлімдемесінде.

Сол уақытта Ержановтың жақтастары оның Facebook парақшасынан Конституцияны сынаған және референдумге бойкот жариялау идеясы жазылған барлық жазбасы жоғалып кеткенін айтқан. Бүгінгі сот отырысында Оразалы Ержанов жазбаларды өзі өшіргенін айтты.

5 наурызда Алматы соты Ержановты екі ай қамауға алуға санкция берген. 16 наурызда, Конституция бойынша референдум өткен күннің ертесінде ол сот шешімімен абақтыдан үйқамаққа ауыстырылды.

Референдум жөніндегі орталық комиссия есебінше, Жаңа Конституция жобасын дауыс беруге қатысқан халықтың 87,15 пайызы қолдаған. Қарсы 9,83 пайызы қарсы дауыс берген.