Пентагон мен Google құпия келісім жасасты

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Google компаниясы Пентагонмен жасанды интеллектті қолдануға қатысты құпия келісімшартқа қол қойды. Келісімге сәйкес, Пентагон Google-дың жасанды интеллект жүйелерін «кез келген заңды мақсатта» пайдалана алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ҚҰПИЯ КЕЛІСІМ НЕ ЖАЙЛЫ?

Google компаниясы Пентагонмен құпия операцияларда жасанды интеллект модельдерін пайдалану туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы The Information басылымы хабарлады.

Келісім Пентагонға Google әзірлемелерін «үкіметтің заңды кез келген қажеттілігі үшін» қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Reuters мәліметінше, компания үкімет сұранысы бойынша қорғаныс тетіктері мен сүзгілерді баптауға көмектесуге міндетті.

Құжатта жасанды интеллект жүйесі АҚШ аумағындағы азаматтарды бақылау үшін немесе «тиісті адам бақылауы мен қадағалауынсыз» автономды қару қолдану үшін пайдаланылмауы тиіс екені көрсетілген.

Дегенмен келісім шарттарына сәйкес, Google заңды операциялар аясында жасанды интеллектті қолдануға шектеу қоя алмайды.

GOOGLE ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАРСЫ

Google компаниясының өкілі Reuters агенттігіне берген мәлімдемесінде компания мемлекеттік мекемелермен құпия және ашық жобалар аясында жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, Пентагонға жасанды интеллект инфрақұрылымына қолжетімділік беру – «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапты қадам».

Келісім жасалар алдында Google-дың 600-ден астам қызметкері компания басшысы Сундар Пичаиға петиция жолдаған. Олар АҚШ әскеріне құпия операциялар үшін жасанды интеллект модельдерін бермеуді сұрады. Үндеуде жасанды интеллект адамзат игілігіне қызмет етуі керек, ал «қатыгез немесе аса зиянды мақсаттарда» қолданылмауы тиіс екені айтылған.

Сондай-ақ, АҚШ Қорғаныс министрлігі жасанды интеллект саласындағы жетекші компанияларға, соның ішінде OpenAI мен Anthropicке қысым көрсетіп, олардың технологияларын құпия желілерде стандартты этикалық шектеулерсіз пайдалануға қол жеткізуді талап еткені хабарланған.

Anthropic бұл шарттардан бас тартқан. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп барлық мемлекеттік мекемелерге аталған компанияның технологияларын пайдалануға тыйым салған.