Мамырда 14 күн демалыс: Астана мен Алматыда мерекелерді қалай өткізуге болады

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

Қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында мамыр айында 14 күн демалады. Ал алты күндік жұмыс аптасында 12 күн демалыс болады. Әдеттегі демалыс күндерінен бөлек, бұл айда үш мемлекеттік мереке және бір діни мереке бар.

Ulysmedia.kz тілшісі мамыр айындағы демалыс күндерін тиімді жоспарлау үшін Астана мен Алматыдағы мәдени іс-шараларға шолу жасап көрді. 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Бұл күн жұмаға сәйкес келеді, сондықтан қазақстандықтар 1, 2 және 3 мамыр күндері қатарынан үш күн демалады.

Дәл осы күні сағат 19:00-де Астанада «Қазақконцерт» ұйымы белгілі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Исаевтің шығармашылық қызметінің 30 жылдығына арналған «Аяулым» атты музыкалық кешін ұсынады. Кеш бағдарламасында эстрадалық-симфониялық оркестр мен хор сүйемелдеуімен Төлеген Мұхамеджанов, Ескендір Хасанғалиев, Еркеш Шакеев сынды көрнекті композиторлардың туындылары орындалады. Сонымен қатар Шөмішбай Сариев пен Қадыр Мырзалиевтің өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады. Көрермендер қазақ және орыс тілдеріндегі композицияларды тыңдап, әлемдік хиттердің жаңа қырынан ұсынылған нұсқаларын тамашалай алады. Кіру 1500 теңгеден басталады. 

Ал 20:00-де Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Moldanzar тобының жеке концерті өтеді. Билет 8 мың теңгеден басталады. Moldanazar әндері – заманауи дыбыс пен қазақы лириканың үйлесімі. Музыкасы көбіне жеңіл, әуезді, бірақ мәтіндерінде терең ой, ішкі күй, жалғыздық, махаббат, уақыт секілді тақырыптар жиі қозғалады.

1 мамырда Астана опера театры «Абай» операсын ұсынады. Билет 1000 теңгеден басталады. Ұлттық классиканың жауһары – «Абай» операсы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди туындысы дирижёр Алан Бурибаев пен режиссёр Джанкарло дель Монако жаңа қырынан сахналады.

3 мамыр күні «Қазақконцерт» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметованың мерейтойлық шығармашылық кешіне шақырады. Концерттік бағдарламада әлемдік классикалық музыка туындылары көрермен назарына ұсынылады. Кеш барысында Вольфганг Амадей Моцарт, Джоаккино Россини, Гаэтано Доницетти, Жюль Массне сынды ұлы композиторлардың операларынан ариялар, дуэттер мен сахналық көріністер орындалады. Сонымен қатар, оперетта жанрындағы танымал шығармалар мен әлемдік хит туындылар шырқалады.

Алматыда 1 мамыр күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Гүл Алматы - 2026» фестивалі өтеді. Билет 1500 теңгеден басталады. Фестиваль бағдарламсында қазақ композиторларының әндері, Алматы туралы әндер және еркін тақырыптағы шығармалар орындалады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

Мейрам бейсенбіге түседі және бір қосымша демалыс күнін береді.

Астанада Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Тыныштық күзетшісі» қойылымын қояды. Билет 1000 теңгеден басталады. Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасында әйел қауымының иығына түскен ауыртпалық, қиындыққа көніп туған, ерте есейген балалардың көрген азабы, тылдағы еңбек, бүкіл ауылдың үрейін ұшырса да, тыныштығын күзеткен Демесіннің аянышты тағдырына куә боласыздар.

Алматыда Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі «Жеңіс салтанаты» кешін өткізеді. Билет 1500 теңгеден басталады. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетеді. 

9 мамыр – Жеңіс күні

Мереке сенбіге сәйкес келеді, сондықтан демалыс келесі дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша, 9, 10 және 11 мамыр күндері демалыс болады.

Дәл осы күні Астанада «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклына шақырады. Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен XVII Халықаралық мюзикл фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» атты екі беделді марапатқа ие болған спектакль сахнаға оралмақ! Мюзикл талант пен Отанға деген сүйіспеншіліктің символына айналған күміс көмей әншінің тағдыры туралы сыр шертеді. Билет 2500 теңгеден басталады. 

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай көрермен назарына «Жеңіс күні» атты симфониялық оркестр концертін ұсынады. Билет бағасы 1000 теңге. 

Алматыдағы Республика сарайында «Сағындырған әндер-ай» ретро фестивалі өтеді. Билет 4000 теңгеден басталады. Концертке Қазақстанның 50-ге жуық атақты әншілері қатысады, олардың орындауында ретро әндер жаңа заманауи дыбыста орындалады. Концерт күтпеген дуэттері мен қойылымдарымен қызықты. 

ASP Arena Қонаевта Jah Khalib өнер көрсетеді. Ол ТМД саласында ең танымал орындаушылардың бірі, миллиондаған тыңдармандарға ұнаған хиттердің авторы: «Жанып кеткенше», «Медина», «Сен бүтін әлемсің» және басқалар. Билет 8000 теңгеден басталады. 

Сонымен қатар, мұсылмандардың басты мерекелерінің бірі – Құрбан айт – 27 мамыр, сәрсенбі күніне сәйкес келеді. Бұл күн де демалыс күні болып есептеледі.